АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңдардың Конституцияға толық сай болуы керегін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жұрт заңдардың кейбір ережелеріне наразылық білдіріп, шағым айтады. Конституциялық Соттың шешімдері кейбір шағымдардың орынды екенін көрсетіп отыр, яғни заңнаманың жекелеген нормалары Ата заңға қайшы екені анықталды. Бұл келеңсіздіктер құқық қолдану ісінде қиындықтар туғызады. Конституцияға қайшы мұндай нормалар жарамсыз деп танылады. Осындай ережелерге сүйеніп қабылданған соттың және басқа мемлекеттік органдардың шешімдері қайта қаралуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында.
Президент заңдардың Конституцияға толық сай болуы керегін атап өтті.
«Парламент осы маңызды мәселеге байланысты табандылық танытып, басты рөл атқаруы қажет. Бұл жұмыс азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жүйесін күшейте түсуге мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.