Конституциядағы өзгерістер халықпен ақылдасып енгізіліп жатыр - Сенат төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конституцияға толықтыру мен өзгерістер азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып енгізіліп отыр. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер Сенат төрағасынан «Конституцияға түзету енгізу жиілеп кетпеді ме?» деп сұрады.

Осы орайда түзетулерге лимит енгізу қаншалықты дұрыс болатыны туралы сауал қойылды.

«Біздің Конституция үнемі түзетулер енгізілетін құжатқа айналды деген пікірмен келіспеймін. Менің ойымша, Ата заңға өзгерістерді өте сирек енгіземіз. 1995 жылы Конституция қабылданды. Сондықтан осы жылдары соншалықты көп түзету болмады. Жалпы, осы жолғы жағдай ерекше деп санаймын. Біз аталған мәселені республикалық референдумға енгізіп жатырмыз. Бұл ретте халық дауыс беріп, өз ұстанымын айқындайды. Яғни, осы тақырыпта депутаттар негізгі позициялар мен нормалар бойынша шешім шығарып жатқан жоқ. Қазақстан халқы қандай шешім жасаса, алдағы уақытта сол бағытты таңдаймыз», - деді М. Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Конституцияға түзетуді жиі енгізу дұрыс емес екенін атап өтті.

«Жалпы, Конституцияға толықтырулар жұмыс тобының ұсынысы бойынша енгізілді. Жұмыс тобының құрамына сарапшылар мен ғалымдар енді. Осы орайда еліміздегі мамандар мен халықтың ұсыныстары ескерілді. Менің ойымша, Конституцияға өзгерістер жария түрде енгізіліп жатыр, яғни халықтың пікірі назарға алынды. Бұл түзетулер елімізде демократиялық процестерді нығайту мен дамытуға ықпал етеді», - деді Сенат спикері.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы қаралды. Құжатқа түзету енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Сенаторлар «Референдум туралы» Заңнан Елбасы туралы норманы алып тастады.


Соңғы жаңалықтар