Конституция күніне орай Ақтөбеде 37 азамат баспаналы болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар 37 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.

Пәтер кілтін облыс әкімі Оңдасын Оразалин салтанатты түрде табыстап, баспана иелерін Конституция күнімен қатар келген қуанышты сәттерімен құттықтады.

«Елбасы әлеуметтік саясат саласындағы шаралардың іске асырылуын егжей-тегжейлі қарастырып, тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде жаңа ауқымды шаралар ұсынды. Көпбалалы аналарға, толық емес отбасылар мен мүгедек жандарға ерекше көңіл бөлініп, бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Биыл Ақтөбе облысында 1209 пәтерден тұратын 4 тоғыз қабатты және 9 аз қабатты тұрғын үй тапсырылды»,-деп атап өтті аймақ басшысы.


Маусым айынан бастап елімізде «Бақытты отбасы» деп аталатын жаңа бағдарлама іске қосылды. Бағдарлама аясында табысы төмен көпбалалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жылына 2% мөлшерлемемен 19 жылға несие беру көзделген. Бағдарламаға жолдама алу мақсатында 1400 отбасыдан өтініш түскен, 536 отбасы төлем қабілетін дәлелдеген. Бүгін алғашқылардың бірі болып төлем қабілетін растаған 37 отбасыға пәтер кілті табысталды.


Ақтөбе қаласы Құрашасай ауылы, «Қанағат» тұрғын массивінде жаңа мектеп пайдалануға берілді. Облыс әкімі №77 жалпы білім беретін орта мектептің ашылуына қатысты. 600 орынға арналған білім ошағында 30 оқу кабинеті, спорт залы, 210 орынға арналған асхана, 130 орындық акт залы бар. Одан өзге мультимедиялық, интерактивті тақталы кабинеттер, физика, химия кабинеттері жұмыс жасайды. Бейнекамералармен жабдықталған.


Алға ауданы Жерұйық ауылында да 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Өңір басшысы білім ошағының ашылу салтанатына қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.​​​ «Халқымызда «білімдінің күні – жарық» деген жақсы сөз бар. Ашылғалы отырған мектептің табалдырығын білім күні 41 оқушы аттайтын болады. Қазіргі таңда облысымызда 21 мектеп салыну үстінде. Биыл 15 мектепті ел игілігіне беру жоспарда бар. Оның сегізі жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек»,-деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі мектеп ішін аралап, спорт зал, асхана, жылу қазандығын көрді.

Айтып өтейік, Алға ауданында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген. Оңдасын Оразалин 150 орынға арналған «Бопай» балабақшасының ашылу шарасына қатысты. Балабақшада үш қазақ тобы, үш орыс тобы жұмыс істейді. Музыка, спорт залы, медициналық кабинет, логопед, психолог кабинеті, тұз шахтасы, тігін бөлмесі, асхана, ойын және жатын бөлмелері, заманауи балалар жиһаздарымен, ойыншықтарымен жабдықталған. Құны 600 млн теңгені құрайды.

Өңір басшысы жауапты мамандарға мектептердің кітаптармен толықтай қамтамасыз етілуін, және мектепке дейінгі мекемелердің қызмет сапасын арттыруды тапсырды.




Соңғы жаңалықтар