Қоңқабаев «Астана арландарының» жеңісін нығайта түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана арландарының» сапындағы салмағы ең ауыр боксшы Қамшыбек Қоңқабаев британдық қарсыласы Соломон Декрестен басым түсті. Осылайша, британдық «British Lionhearts» командасын 7:3 есебімен ұтқан қазақ боксшылары финалға жолдама алып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыр салмақтағы боксшылардың айқасы біршама қауіпті сәттермен есте қалды. Британдық Декрестің қимылы ширақ көрінгенімен, соққы жағынан Қамшыбек дәлдікті таныта білді. Ақыры төрешілер бірауыздан жеңісті Қамшыбек Қоңқабаевқа берді.

Айта кетсек, Атырауда өткен бүгінгі бокс кешіндегі алғашқы кездесу (52 келі салмақта Сәкен Бибосынов пен Уил Каулей арасындағы айқас) «British Lionhearts» команданың еншісінде кеткен болатын.

Алайда қазақ боксшылары бір жеңілістің есесін екі жеңіспен қайтарды. Нақтырақ айтқанда, Серік Теміржанов Калум Френчтен (60 келі салмақта) басым түссе, екінші кездесуде британдық Карл Фейлді қадау-қадау соққыларының астына алған Асыланбек Шыңбергенов (69 келі) жеңіске өз командасын бір қадам жақындата түсті.

Бұдан кейін 81 келідегі салмақта Бек Нұрмағанбет Лиридун Хунаны айқын басымдықпен ұтты. Үшінші раундта Ұлыбританияның атынан шыққан швед легионері Хуна бір мәрте ногдаунға түсіп қалғанымен, айқастың соңына дейін шыдап бақты. Осылайша, Бек Нұрмағамбеттің жеңісі «Астана арландарын» 6:3 есебімен Бүкіләлемдік бокс сериясының финалына шығарды.

Еске сала кетсек, Бүкіләлемдік бокс сериясының жартылай финалындағы «Astana Arlans» пен «British Lionhearts» командалары арасындағы алғашқы кездесуде отандастарымыз жеңіске жеткен болатын. Жартылай финалдық кезеңнің алғашқы айқасын сырт алаңда, яғни Ұлыбританияның Шеффилд қаласында өткізген жерлестеріміз жергілікті боксшыларды 3:2 есебімен ұтып, финалға бір табан жақындай түскен.

Бүгінгі кездесуде жеңіске жеткен қазақ боксшылары финалда кубалықтармен немесе француздармен (екеуінің арасындағы айқастың жеңімпазымен) кездеседі.

Соңғы жаңалықтар