Көңілдесінен көңілі қалған астаналық өмірімен қоштаспақ болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өлімге бас тігіп, көпқабатты үйдің шатырынан секірмек болған ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Оқиға 2018 жылғы 18 наурызда кешкі сағат 20:15 шамасында Сарыарқа ауданындағы Кенесары көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің бірінде болған. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзетіп жүрген 5573 әскери бөлімінің жасағы 44-үйдегі «Лондон» мейрамханасының шатырынан секіргелі тұрған ер азаматты байқайды. Жасақ бастығы Нұрболат Мұхиденұлы рация арқылы патрульдік топ бастығына мән-жайды баяндап, қасындағы патрульдер Эльдар Искалиев және Әлішер Манарбекұлымен бірге дереу шатырға көтеріледі. Төменге жиылған жұрт әлгі азаматты райынан қайтуға көндіріп тұрғанда, ұландар арт жағынан ақырын жақындап барады. Оларды байқап қалған ер адам секіруге ұмтылғанмен, патрульдік топ бастығы Ғазиз Тұрсынбаев ұстап үлгереді», - деп атап өткен Ұлттық ұлан баспасөз қызметі.

Таратылған мәліметке қарағанда, азамат сонда да әрекетін аяқтау үшін сырт киімін шешуге оқталады. Алайда, сарбаздар шапшаң қимылдап, оны қолтығынан сүйреп кері тартып алады.

«Шатырға шығарғанда сол қолынан қан байқадық, секірмес бұрын тамырын да кеспек болғанға ұқсайды. Әрі ішімдік ішіп алған екен», -  дейді сарбаздың бірі. Ұландықтар оқиға орнына жедел жәрдем шақырған.

Куәгерлердің айтуынша, оқиғаға дейін тұрғын үй пәтерлерінің бірінде осы азамат пен оның нақсүйері арасында жанжал шыққан. Алайда, әйел татуласуға ниет білдірмеген.  Осыдан кейін ол ашудың әрі мастықтың күшімен өмірімен қоштаспақ болған. Дегенмен, қырағы әрі епті сарбаздардың арқасында ол аман қалды.

Соңғы жаңалықтар