Конголықтар Шәмшінің әнін француз тілінде шырқады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай, көктемде өткен концерт материалдары бойынша әзірленген дискінің таныстырылымы өтті. Концерт «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Республика сарайында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дискідегі әндерді тыңдаған қонақтар 70-жылдардағы Алматыға сапар шеккендей болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қалдаяқов кезінде Қазақстанда The Beatles сияқты танымал болған.

Дискілер CinemArt қоғамдық қорының демеушілік етуімен, Шәмші Қалдаяқовтың ұлы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері Мұхтар Қалдаяқовтың қолдауымен шығарылды.

«Бұл жобаға кіріскелі біраз жыл болды. Оны іске асыра алғаныма өте қуаныштымын. Қала әкімдігі, әкімнің өзі қолдау білдіргені үшін айтар алғысым шексіз», - дейді М. Қалдаяқов.

Расұл Жармағамбетов, Балуан Беркенов, Азамат Машылов, Төлеген Рахымбаев, Бақтыгүл Бисембаева, Диана Шарапова секілді өнер тарландарымен қатар, Қалдаяқовтың «Мойынқұмда» әнін қазақ және француз тілдерінде орындаған Конгодан келген «Джамбо-Джамбо» тобы көрермен қауымды тәнті етті.

«Қазақ тілінің әуезділігі француз тіліне жақын. Алғаш осы әнді естігенімде, ол міндетті түрде репертуарымызда болуы қажет деп ойладым. Біздің команда орысша да, қазақша да сөйлемейді, бірақ концерттерімізде көптеген қазақ әндерін айтамыз», - дейді «Jambo Jambo» продюсері Абиди.

Аса талантты қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқов әндерін дискіге жазу CinemArt қорының алғашқы жобаларының бірі болды. Қор алдағы уақытта Қазақстандағы дарын иелері мен өнер ұжымдарын қолдау жобаларын дамытпақ.

 

Соңғы жаңалықтар