Көне Жібек жолын жаңғырту - Азияны дамудың жаңа дәуіріне жетелейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Азия Даму Банкі Басқарушылары Кеңесінің кезекті 47-ші отырысы Астанада 2 мамырда ашылып, бүгін мамырдың 5-інде өз жұмысын аяқтады. Қазақстанда алғаш рет өткізілген алқалы жиынның тақырыбы «Жаңа Жібек жолы: Азияны өзгерістегі әлеммен ұштастыру» деп аталып, бұған 3 мыңнан астам делегат қатысқан болатын. Төрт күн бойы төрткүл дүниеден келген өкілдер, сарапшылар бас қосып, түрлі мәселелерді талқылады. Ауқымды халықаралық шара аясында көптеген маңызды кездесулер, конференциялар, пікір алмасулар, пленарлық отырыстар ұйымдастырылды. Сөйтіп, жиынның қорытындысында келер жылғы Азия Даму Банкіне төрағалық ету құқығы Әзербайжан еліне өтті.

Бас кеңсесі Манила (Филиппины) қаласында орналасқан, Азия Даму Банкінің мақсаты - аймақтық интеграция мен түгел қамтылатын экологиялық және экономикалық тұрақты өсім арқылы Азия-Тынық мұхиты елдерінің кедейшілік деңгейін қысқарту. Жалпы, беделді қаржы құрылымының тарихына келсек, Азия Даму Банкі 1966 жылы құрылып, оған 67 мүше-мемлекет акционер болып табылады.

Қазақстан Банкке 1994 жылы мүше болды. Қазіргі уақытта-көліктік сектор, энергетика, жеке меншік секторды дамыту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру сияқты көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық орнаған.

Бұған бірден бір дәлел соңғы жылдардағы көрсеткіш бойынша Қазақстан қайтарымсыз техникалық көмек алушыдан гөрі, АДБ-ның дамушы елдерге көмек көрсетуі бойынша әріптесі болуды көздеп отыр. Сонымен қатар, Азия Даму Банкі мен Қазақстанның ынтымақтастығы аясында, 2013 жылы донорлық көмек ретінде Азиялық даму қорына 5 миллион доллардан астам қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, Даму Банкінің Қазақстандағы айтулы жоба - «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін салуға қолдау білдіруі де осындай ынтымақтастықтың биік деңгейін білдіреді.

Алдағы уақытта Қазақстан Азия Даму Банкі секілді алып қаржы құралымен ынтымақтастықты жалғастырып, тереңдететіні мәлім. 47-отырыстың жалпы жиынында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге ерекше екпін беріп, Қазақстанның банкпен бірлесе Азия аймағындағы экономикалық өсімге дем беруге жұмыс істейтінін алға тартқан болатын.

Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев осы алқалы басқосуда «Жаңа Жібек жолы: Азияны өзгерістегі әлеммен ұштастыру» аталған негізгі тақырыбының біздің еліміздің тарихымен ерекше үндесетіндігіне назар аударған болатын. «Бүгін біз Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың жаңа дәуірінің басталғанына куә болып отырмыз. Оның Азияны дамыту жолында жаңа дәуір болатындығына сенімдімін. Оның бірқатар алғышарттары бар. Бұл - Қытай, Үндістан, Жапония, Корея және басқа да бірқатар мемлекеттерді біріктіретін ең серпінді түрде дамушы өңір. Бұл ең ірі тұтынушылық сұраныстың негізін қалыптастыратын әлемнің адамдар ең көп қоныстанған өңірі болып табылады», - деп атап өтті Елбасы. Бұл ретте Н. Назарбаев сарапшылардың пікірі бойынша, 2050 жылға таман әлемдік сауданың, инвестицияның және ІЖӨ-нің жартысынан астамы Азияда шоғырланатынына назар бұрды. Ал Президент пайымынша, бұл үрдістерге өндірістік қуаттардың өсуі, ірі агломерациялардың құрылуы, урбанизация қарқынының артуы ерекше қолдау көрсететін болады. «Мұндай сценарий өңірдің жаңадан өркендеу кезеңінің және «Азия ғасырының» басталғандығын паш етеді», - деді Мемлекет басшысы.

Жалпы, Елбасы «Азия ғасыры» туралы мәселені кездейсоқ айтып отырған жоқ. Өйткені, әлем сарапшылары соңғы жылдары дамудың «азиялық қарқынына» қатысты түрлі сәуегейлік жасап, болжаммен бал ашып та жатыр. Мысалы, Азия Даму Банкінің Президенті Такехико Накао Азия-Тынық мұхиты өңірінің дамуына қатысты келтірген мәліметінде, 2013 жылы бұл өңірдегі ІЖӨ 6,1 пайызға өскенін айтты. Болжам бойынша 2014 жылы бұл көрсеткіш 6,2 пайызды, ал 2015 жылы 6,4 пайызды құрайтын болады. Бұл ретте бірқатар өңірлік экономикалардың өсімінің төмендеуі де мүмкін. «Қалай болғанда да, дамушы Азия бүгінгі күні бұрынғыға қарағанда, қандай да бір қатерлерге сенімді түрде қарсы тұруға дайын» деп мәлімдеді осы жиында АДБ Президенті.

Сөйтіп, алдағы уақытта Азия өңірінің даму келбетіне тұтастай адамзат баласы да үмітпен қарайтындай. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Азия дамуы туралы ойын сабақтай келе, бұл өңірдегі ықпалдастықтың маңызына да тоқталған болатын. Бұл ретте Қазақстан Президенті өңір экономикасын дағдарыстан кейін қалпына келтіру өте өзекті міндет болып отырғандығын атап өтті. Елбасының сөзіне қарағанда, дамушы рыногы бар көптеген елдер үшін кедейшілікті төмендету, шағын және орта бизнес, жекеменшік секторды одан әрі дамыту үшін елеулі құрылымдық өзгерістер жасауға тура келеді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Азия мемлекеттерінің арасында, сондай-ақ, басқа да интеграциялық бірлестіктер арасында ынтымақтастық шекарасын кеңейту қажеттігі туралы былай деді: «Ашықтық, теңдік және өзара тиімділік үдерістеріне негізделген өңірлік интеграция жемісті дамудың сенімді тетігі болып табылады. Бүгін біз Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ішкі өңірлік интеграцияның күшейгендігіне көз жеткізіп отырмыз. Оңтүстік-Шығыс Азияда экономикалық интеграция саласы белсенді түрде кеңейіп келеді. Қазақстан Ресеймен және Беларусьпен Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі үлкен жұмысты жалғастыруда. Біз қазірдің өзінде Кеден одағы шеңберінде интеграцияға кірдік, біз бұл үрдісті одан әрі тереңдету және өзара ықпалдастығымызды кеңейтуге мүдделіміз. Сонымен бірге, біз ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер үдерісін аяқтап келеміз және биылғы жылы бұл ұйымға толық мүше боламыз деген үміттеміз». Осымен қатар, Елбасы жалпы интеграциялық үдерістерді Ұлы Жібек жолын жаңғырту мақсаты төңірегінде құру мүмкіндігін атап өтті. «Жібек жолының бүгінгі күнгі аумағында қоныстанған елдердің рыногы өзінің ауқымы және әлеуеті жөнінде баламасыз болып табылады. Мұнда үш миллиардтан астам адам өмір сүреді. Бұл ретте негізгі идея дәліздік сауда тасқынын дамыту ғана емес, сонымен бірге, мәдени байланыстарды және көп тарапты ынтымақтастықты нығайту, өңірде қолайлы іскерлік ахуалды қалыптастыру, қаржы рыногын интеграциялау, қосымша құнның жаңа жүйелерін қалыптастыру болып табылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жалпы, Елбасының осы айтулы шарада айтқан Орталық Азиядағы Жібек жолы интеграциясын қалыптастыру туралы ұсынысын көптеген сарапшылар қолдайды. Мәселен, БҰҰ Азия және Тынық Мұхиты аймағы Экономикалық Комиссиясының (ЭСКАТО) Атқарушы директоры Шамшид Ахтар Қазақстан қазірдің өзінде заманауи жаңа Жібек Жолын қалыптастырып жатыр деген пікірді алға тартады. Оның айтуынша, ежелгі Жібек Жолындағы стратегиялық маңызды аумақта орналасқан Қазақстан индустриялды әлеуметтік саясатты дамыту үшін ауқымды әлеуетке ие. Ал бұл бір ғана мемлекет жұртшылығына емес, тұтастай Орталық Азия өңірі үшін маңызды әрі басқа да құрлықтық елдерге үлгі бола алады. «Қазіргі таңда Қазақстан заманауи жаңа Жібек Жолын салуды қолға алып жатыр. Бүгінгі күннің өзінде бұл елдің экономикалық өсімге, энергетика мен қоршаған ортаға қатысты қадамы қызықтырады. Ал біздің өзіміз осындай саналы сараланған қозғалыстың бір бөлшегіміз», - дейді ЭСКАТО атқарушы директоры.

Тоқтала кететін жайт, Елбасы өз сөзінде «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» көлік дәлізін салу «Қазақстан-жаңа Жібек жолы» сынды үлкен жобаның бір бөлігі болып саналатынын айтқан еді. Ал көне Жібек Жолын жаңғырту оның бойында орналасқан барлық елдердің экономикалық-әлеуметтік дамуына серпін беретіні сөзсіз. Қазақстанның ұстанымы да осындай.

Соңғы жаңалықтар