Көне жәдігерлердің құндылығы неде – Қазақстан Президенті жауабын берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлы Жібек жолының өркениеттерді тоғыстырған күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаһанданудың шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде. Мысалы, қазір Ұлы Жібек жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде», - деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жер бетіндегі жазу-сызудың шығыстағы Мысыр мен Қытайда пайда болуы соның айқын дәлелі екендігіне назар аудартты.

«Түркі, Қытай, Үнді, Араб, Парсы елдерінің көптеген көне жәдігерлері дәуір сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті. Бұл мұралардың құндылығы неде? Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпы адамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге таралды. Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады», - деді Қазақстан Президенті.

Еске салсақ, елордада Азия қаламгерлерінің І форумы өтіп жатыр. Оған әдебиет бойынша Нобель сыйлығының 3 номинаты қатысуда. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындауды ұсынды.



Соңғы жаңалықтар