Көне тілдерді білуден халықаралық олимпиадада Қазақстан оқушылары 2 «қола» алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық екі оқушы Ұлыбританияның Мэн аралында лингвистикадан өткен халықаралық олимпиадада қола медаль жеңіп алды. Мұндай жеңісті жаңалықпен Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның халықаралық олимпиадалардағы жеңістері өз жалғасын тауып жатыр. Оқушыларымыз лингвистика бойынша өткен халықаралық олимпиадада алғаш рет бірден 2 қола медаль жеңіп алды. Бұған дейін команданың ең үздік нәтижесі 1 қола медаль болатын. Осы жолы Аида Дәулетова мен Дарья Пересыпкина өткен жылдардың рекордын жаңартты», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Ведомство басшысының мәліметінше, Мэн аралында өткен зияткерлік сайысқа әлемнің 36 елінен 200 оқушы қатысқан.

Бірінші бөлімде оқушылар убых, чам, нцъу, арабана, алабама тілдерінде 5 тапсырма орындаған. Екінші бөлім маньчжур тіліне арналды.

Министр жүлдегер болған оқушыларды құттықтады.

«Құрметті Аида, Дарья! Сіздер әлемдегі дарынды оқушыларға арналған ең күрделі зияткерлік олимпиадалардың бірінде жоғары марапаттарға ие болдыңыздар. Былтыр ел қоржынына қола жүлде әкелген Дарьямен кездесіп, құттықтағанымыз есімде. Бойларыңыздағы эрудиция, ақыл-парасат, табандылық және қажырлы еңбектеріңіз жаңа жеңістерге жетелей берсін! Ұстаздарыңызға кәсіби шеберліктері және ата-аналарыңызға қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын», - деп лебізін білдірді министр.

Қоса кетсек, бұған дейін қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда бес пәннен 21 медаль жеңіп алғанын жазып едік.


Фото: facebook.com/ Askhat Aimagambetov



Соңғы жаңалықтар