Көне де жаңа астана: Нұр-Сұлтанның қазіргі келбеті қалай қалыптасты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел астанасындағы көкпен таласқан ғимараттар, пошымы бөлек құрылыстар қазақ жанының сан қырлы қатпарын, қиялының асқақтығын көз алдыңа келеді. Суретке түсіп, өмірінің жарқын сәтін мәңгілікке мөрлегісі келген қалалықтар ыңғайлы орын іздеп әуре болмайды. Қаладағы әрбір ғимараттың өзіндік сәулеті, мазмұны бар. Кейде тіпті әлемнің әр бұрышындағы ең көрікті орындарды Еуразия кіндігіне әкеп тоғыстырға салғандай әсер сыйлайды. ҚазАқпарат қаланың негізгі көрікті жерлері бұрын қандай болғанын, жаңа насандардың қалай салынғанын және тарихи нысандардың қалай өзгергенін еске түсіріп көрді.

Бәйтерек

«Бәйтерек» бекерден-бекер астананың басты сәулет нысаны атанған жоқ. Ел астанасының Алматыдан Ақмолаға ауысуын бейнеленйтін ерекше туынды бұл. Ал о баста бұл орында Целиноград әуежайының вокзалы орналасқан еді.

Сурет Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінен алынды

«Кейін тың игеруі кезеңінде әуежай қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев халықаралы әуежайы тұрған жерге көшірілді. Ал бұрынғы әуежай кешені «Досааф» (Армияға, авиацияға және флотқа жәрдемдесудің ерікті қоғамы) ғимараты ретінде қызмет етті. «Бәйтерек» құрылысы 1996 жылдың 25 қазанында басталып, 2002 жылдың 30 тамызында аяқталды»», - деп еске алад Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің ғылыми-зерттеу бөоімінің басышысы Ғазиза Исахан.

Сурет фотограф Шүкір Шахайдың жеке архивінен алынды

«Бәйтерек» жайында, оның символдық мәні мен мазмұны жайында болам көп. Бір анығы – оның биіктігін 97 метр. 1997 жылы мемлекеттің жаңа астанасы ретінде жарияланған болатын. Нысанның биіктігі соны меңзейді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың оң қолының бедеріне қолын қойып тұрып іштей тілек тілеу бүгінде жағымды дәстүрге айналған. Бәйтеректің Ұшар басында бүкіл діндердің бірлігін білдіретін әлемнің 17 дін өкілдерінің қолтаңбасы қойылған ағаш глобус орнатылған.


«Ақорда» Президентрезиденциясы

Жаңа астананың қақ ортасында көркемдік мәні мен ауқымы бірегей сәулет ансамблі бой түзеді. Оның басты құрамдас бөлігі – Ақорда – ҚР Президентінің резиденциясы. Құрылысы 2001 жылы басталды. Жобаны Еуропа мен Қазақстанның белгілі сәулетшілері, оның ішінде атақты еуропалық дизайнерлер М.Гуалаци мен А.Мольтени жүргізді. Интерьерді ұлттық стильде әрлеу академик К.Монтахаевтың нұсқауы негізінде жүргізілді. Жаңа Резиденцияның ресми тұсаукесері 2004 жылғы 24 желтоқсанда өтті.

Сурет фотограф Шүкір Шахайдың жеке архивінен алынды


Президент резиденциясының атауында терең мағына жатыр. Тікелей аударғанда «Ақорда» деген «Ақ» және «орда» сөздерінен құралып тұр. Түркі мәдениетінің семантикасында «ақ» ең алдымен қасиетті дегенді білдіреді. Резиденцияның қасбеті мен интерьерінде де ақ түс басым. Бұл ұғым қуаныш пен амандықты, шынайылық пен бекзаттықты, абырой мен жақсылықты бейнелейді.

Тарихтан хабары бар жандар Алтын Орда мемлекетіндегі билеушілердің резиденциясы да «Ақ орда» аталғанын біледі. Демек, Қазақстан – Алтын Орданың төл мұрагері. Мемлекет басшысына арналған резидентцияның атауында осындай терең мән жатыр.

«Ақорда» ғимаратының жобасын талқылау сәті, 2003 жыл. Сурет Нұр-сұлтан қаласының мемлекеттік мұрағатынан алынды

Елорданы шалқар шабытпен салынған тұтас бір сәулет кешені деп елестетсек, оның өзегінде «Хан Шатыр» – «Бәйтерек» – «Ақорда» – «Бейбітшілік және келісім сарайы» - «Қазақ елі» монументі ансамблі үйлесім таба жайғасан. Сәулет ансамблінің композициялық өзегі Ұлы дала дәстүрлерінің сабақтастығын сақтау, еуразиялық толеранттылық мәдениетін ілгерілету және заманауи әлемдік өркениеттің бір бөлігі ретінде қуатты Қазақстанды құру идеяларын қамтиды.

Бейбітшілік және келісім сарайы

Елорданың сәнін арттырған Бейбітшілік және келісім сарайы. Бұл нысан «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының конгресін» өткізу үшін арнайы салынған. Сәулетін Сэр Норман Фостер кескіндеген. Құрылысы 2006 жылы аяқталды.

«Бейбітшілік және келісім сарайын» салу – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төл идеясы. Нысан 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада өткен Бірінші «Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер съезінде» таныстырылды. Содан бері пирамида дінтану мен діни төзімділіктің орталығына айналды.

«QAZAQSTAN» орталық концерт залы

Елордада өтетін ең бір жарқын музыкалық кештер мен салтанатты шараларды қала тұрғындары мен қонақтары әлемдегі ең үлкен концерт залдарының бірі – QAZAQSTAN орталық концерт залынан тамашалайды. Бірегей кешенді салу идеясын да Елбасы ұсынға. Нысанды Тұңғыш Президент Тәуелсіздік күніне орай 2009 жылы 16 желтоқсанда ашты.

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік мұрағатының ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исаханның айтуынша, нысанның дизайн авторы – әлемдегі ең танымал дизайнерлердің бірі Манфреди Николетти. QAZAQSTAN орталық концерт залының аты кейінгі кезде Аустралиядағы Сидней опера театрымен қатар атала бастады.

«Шөлдегі гүл». Әйгілі дизайнер өз туындысын осылай атаған. Музыка мен әсем табиғаттың үндестігін үйлестіретін концерт залының авангардтық бейнесі әсем астананың рухын бейнелейді.

Сурет фотограф Шүкір Шахайдың жеке архивінен алынды

QAZAQSTAN орталық концерт залы өзінің көпфункционалды болуымен және керемет акустикасымен таң қалдырады. Залдың кез келген нүктесінен сахна айқын көрінеді. Эстетика мен акустиканың жоғары деңгейі концерт залының басты артықшылығы десе де болады. Осылайша бұл зал әлемдік шығармашылық кеңістіктің бір бөлігіне айналды. Мұнда тек отандық әртістер мен шығармашылық ұжымдар ғана емес, атақты шетелдік өнер жұлдыздары да өнер көрсетеді.


«Әзірет Сұлтан» мешіті

Құрылысы 2009 жылдың маусым айында басталған «Әзірет Сұлтан» мешіті рухани тыныштық іздеген жандар үшін ұйық мекен іспетті. Мешіт 2012 жылдың 6 шілдесінде елорданың бірегей нысандарының тізімін толықтырды.

Әр кезеңде құрылысқа 1000-нан 1500 адамға дейін жұмылдырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша мешіт «Әзірет Сұлтан» деген атау алды. Бұл ат – исламды қазақтың дәстүріне икемдеп, жаңа деңгейге шығарған діни қайраткер, даналыққа толы «Диуани хикметтің» авторы, қасиетті Түркістанда кесенесі тұрған Қожа Ахмет Йассауидің ел ардақтап қойған есімдерінің бірі.

Сурет фотограф Шүкір Шахайдың жеке архивінен алынды


Ғимарат қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін қолдана отырып, классикалық ислам стилінде салынған. Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіт «Бейбітшілік және келісім сарайы» мен «Қазақ Елі» монументімен үйлесім тапқан. Бір мезетте бес мың адам, ал мереке күндері — 10 мың адамға дейін мінәжат ете алады.

«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы

Елорданың ойын-сауық нысандарына келетін туралы айтсақ, әлемдегі ең үлкен шатыр болып саналатын «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының орны бөлек. Бұл турситерең көп сұғатын нысандардың бірі. Ғимарат 2010 жылдың 6 шілдесінде ашылды. «Хан Шатыр» Гиннестің рекордтар кітабына да енген.

Бұл ғимарат әлемдік деңгейдегі шоппинг пен ойын-сауықты бір шаңырақ астында біріктіретін астанадағы алғашқы және жалғыз лайфстайл-орталық деп есептеледі. Атақты британдық сәулетші Лорд Норман Фостер жобалаған «Хан Шатыр» әлемдегі бірегей шатыр пішінді ең ірі ғимарат ретінде танымал.

«Астана Опера» опера және балет театры

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы ашылған «Астана Опера» опера және балет театры – елордадағы басты мәдени нысандардың бірі.

Сурет фотограф Шүкір Шахайдың жеке архивінен алынды


Бұл – Орталық Азиядағы әлемдік сәулет өнерінің ең үздік классикалық дәстүрлерін ескере отырып салынған ең ірі театр. Классикалық архитектура қазақтың ұлттық нақышымен жарасым тапқан. Ал техникалық жабдықталуы әлемдік стандарттарға сай келеді.

Мұнда Миланның Ла Скала театры, неаполитандық «Сан-Карло», генуэзиялық «Карло Феличе», Париж ұлттық операсы, Санкт-Петербургтегі Мариин театры және т.б. ұжымдар гастрольдік сапармен келген. ЭКСПО-2017 аясында Пласидо Домингоның ХХV халықаралық «Опералия» вокалистер байқауы өтті.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қоры

Елорда орталығындағы тағы бір қызықты ғимаратта «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры» – елдегі ең ірі коммерциялық емес қор орналасқан. Оның қызметі барлық жобаларды кәсіби басқару мен жүйелі жүргізуге негізделген.

Сурет фотограф Шүкір Шахайдың жеке архивінен алынды


Қор 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған. Бүгінде ұйым бастама авторының адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған идеяларын мақтанышпен іске асырып отыр.

Қордың жұмысы талантты жастарды қолдауға, әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, бәсекеге қабілетті сараптамалық-талдау орталығын дамытуға бағытталған.


Шабыт: Қазақ ұлттық өнер университеті

Қазақ ұлттық өнер университетін рух бесігі немесе ұлттық кәсіби музыкалық білім мен мәдениеттің, өнердің орталығы десе де болады. Білім ордасы талантты музыканттардың, хореографтардың, өнертанушылардың, мәдениеттанушылардың, кітапхана қызметкерлері мен педагогтардың үздік буынын тәрбиелеп келеді.

Сурет фотограф Шүкір Шахайдың жеке архивінен алынды


Қазақ ұлттық музыка академиясы 1998 жылы 31 наурызда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен құрылды. Қазақстан Үкіметінің 2009 жылғы 12 қазандағы қаулысына сәйкес Қазақ ұлттық музыка академиясы жаңа мәртебеге ие болды және Қазақ ұлттық өнер университеті болып өзгертілді, сол жылы университет Нұр-сұлтан қаласында орналасқан жаңа ғимаратқа көшті.

ЭКСПО

Сөз соңында, әрине, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жүрегі болған – «Нұр Әлем» сфералық ғимаратын атап өткен жөн. Көрме Қазақстан астанасында 2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтті. Тақырыбы – «Болашақ энергиясы». ЭКСПО-2017 көрмесіне 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, 4 миллионға жуық адам келді. Олардың 500 мыңы шетелдік еді.

Сурет Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінен алынды


Көрменің басты нысаны биіктігі 100 метр, диаметрі 80 метр болатын «Нұр Әлем» ғимараты болды. «Нұр Әлем» Стокгольмдегі диаметрі 30 метр болатын Эрикссон-Глобус аренасынан кейінгі сфералық пішіндегі ең биік ғимарат болып саналады.

Сурет Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінен алынды


Мұрағаттан алынған суреттердің арасынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЭКСПО-2017 кешенінің капсуласын салған сәтін де ұсынып отырмыз.

Көрме аяқталғаннан кейін де «Нұр Әлем» туристер ең көп бас сұғатын басты орындардың біріне айналды. Ал көрмеден босаған павильондарда үздік университеттер мен кәсіпорындар орналасқан.


Соңғы жаңалықтар