Кондуктор Гүлнәр Мейірманова: Адам жүзінде жылылық, сөзінде сыйластық болуы керек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Зейнет жасынан асқан өскемендік Гүлнәр Мейірманованың кондуктор болып жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асты. Автобусқа мінген жолаушылардың көбі оны танып, жылы шыраймен амандасып жатады. Себебі әр адаммен әзілдесіп, күлімдей сөйлесетін, қажет кезде қолдап, демеу білдіретін кондуктор көптің ризашылығына ие, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әдетте,кондуктордың жұмыс күні өте ерте басталады. Кейбір қала тұрғындары таңғы 7-де ұйқыдан енді оянып жатса, кондукторлар сағат 04.50-де жұмыс орнында болады.

– Бұл автобустың жүру кестесіне қарамастан, барлығы үшін ортақ талап. Кейбір кондукторларда алғашқы тасымал 5.30-да, енді біреулерде 5.45-те немесе 6.00-де. Қалай болғанда да сағат беске он қалғанда түгелдей базаға жетуге тиіспіз дейді Гүлнәр Мейірманова..

Автобусы жолға ерте шыққандар кешкі сағат 20.00-ден кейін үйлеріне қайтады. Ал жұмысты кеш бастағандар 22.45-ке таман ғана босайды. Жас кондукторлар өзінен үлкен, тәжірибелі апайларға «жұмыс тым ауыр. Күні кешке дейін аяқта тік тұрамыз» деп шағымданып жатады.

– Мен оларға «бұл деген гимнастика емес пе? Аяқ пен қолға жаттығу деп қалжыңдап, көңілдерін көтеруге тырысамын», – дейді Гүлнәр Әділханқызы. – Оның үстіне біздің міндетке салон ішін жуу да кіреді. Мысалы өзім автобустың еденін күніне екі-үш рет жуып шығамын. Бір сөзбен айтқанда, кондуктор – күнделікті қозғалыста.

Апайларының сөзін естіген қыздар таңданып та қалатын көрінеді. Расымен де егде жастағы кісіден осындай көзқарасты ешкімнің күтпейтіндігі анық. Гүлнәр Мейірманова «Марат-М» компаниясындағы жасы ең үлкен кондуктор. Зейнеткерлікке шыққанына 6 жыл өтсе де өз жұмысын жалғастыруда. Әріптестерін демеуден шаршамайды. Тек олармен ғана емес, жолаушылармен де жақсы араласа біледі.

Жұмыс барысында әртүрлі жағдайлардың да кездесетіні бар.

Бірде қаңтардың қақаған аязында қоғамдық көлікке кіріп келген әйел бірден өз наразылығын білдірген: «Әй, мына автобустарыңыз неге суық?».

–«Иә, ыстық емес», – деп келіскен Гүлнәр Мейірманова ары қарай өз сөзін күлімсірей жалғастырады. «Бірақ осыдан 5 минут бұрын одан да суық еді. Сіз кіргеннен кейін бірден жылынып қалды. Жұмысымызға түсіністікпен қарағаныңыз үшін рақмет».

Мұны естіген жолаушы ашулы кейпін жоғалтып, жүзіне күлкі үйіріледі. Бір қызығы, араға біршама уақыттан кейін автобусқа екі қария мінген. Сол кезде Гүлнәр апай: «Құрметті жолаушылар! Біздің арамызға орта жастағы екі адам қосылды»,-дейді дауыстап. Жапырыла қарағандарға, «жо-жоқ, қате естімедіңіздер, егде жастағы емес, орта жастағылар» демес пе. Автобус іші күлкіге көмілген. Жастар жағы атып тұрып орын берген.

Біраздан соң тағы бір әйел салонға көтеріледі. Бұл кісі де сол орта жастағылардың санатынан секілді. Бірақ ол жеке куәлігін көрсеткісі келмейді. Тіпті ашуға булығып: «мына тиын-тебеніңді ал да әрмен жүрші», – дейді кондукторды жақтырмай.

Ал Гүлнәр Мейірманова болса сабырлы үнмен: «ыңғайсыздық танытқаным үшін кешіріңіз. Бет-әлпетіңізге қарасам, жас көрінеді екенсіз. Сондықтан нақты нешеде екеніңізді анықтау қиынға соғып тұр», – деп жауап берген.

Осы арада бірер сауал тастауға тура келді.

– Адамдармен жұмыс істеген ауыр ма?

– Жоқ. Керісінше қызықты.

– Ащы судан ұрттап алған жолаушылар қиындық тудырмай ма? Мысалы тәлтіректеп әрең тұрған ер адам ақша төлемей қойса, қайда баратынын да айтпаса, не істейсіз?

– Оны шет шаққа қарай жайғастырып, «тыныш отыр. Ұйықтап алсаң да болады. Тек басқа жолаушылардың мазасын алма. Әйтпесе сені полицияның бекініс пунктіне апарып тастаймыз»,- деп қатаң ескертемін.

– Ал егер тексеруші кіріп қалса ше? Оның билеті жоқ қой.

– Жағдайды түсіндіремін. Тексеруші де адам емес пе? Оның да жанұясы бар. Мас кісі – біреуге күйеу, біреуге әке, біреуге аға. Суықта далаға қуып шықпаймын ғой. Діттеген жеріне жетіп алсын. Тосып отырған жақыны бар шығар. Тіпті көбісі аялдамадан түсерде есін жиып, ақшасын төлеп кетеді.

– Сонда сіз мас және ашушаң жолаушыларға ренжімейсіз бе?

– Жоқ. Олар қандай да бір қиындыққа тап болған немесе күйбең тірліктің қам-қарекетінен шаршаған жандар деп түсінемін.

Қоғамдық көлікте адам аз болған кезде зерігіп кетемін. Кешке қарай жұмыстан қайтқан жұрт автобусқа мінгенде үйге тезірек жеткілері келіп отырады. Қарындары аш. Бірқатарының басы ауырып тұрғандығын да байқаймын. Осы кезде бәріне жақсы-көңіл күй сыйлау үшін әзілдеп, көңілдерін көтеруге тырысуға да тура келеді.

Мейрам демекші, жыл сайын желтоқсанның аяғында Гүлнәр Мейірманова ақшақар болып киінеді. Осылай 30 және 31 желтоқсан күндері таңертеңнен кешке дейін жолаушыларды құттықтайды.

«Бұл менің емес, басшылығымыздың бастамасы. Жүргізуші мен кондукторлардың ертегі кейіпкерлеріне айналып жүргеніне бірнеше жыл болды. Әр түрлі бағыттағы автобустарға кіріп өлең оқып, тұрғындарға кәмпит береміз. Компания иелері арнайы ақша бөледі. Мұндағы негізгі мақсат – көпшілікке аздаған болса да қуаныш сыйлау.

Бір қызығы, Гүлнәр Мейірманова ақшақар болуға өзі ниет білдірген. Кондукторлар ұжымының ішінде ең үлкені болса да көңілі жас. Оны көрген жолаушылар ризашылықтарын білдіріп, бірге фотосуретке түсіп те жатады.


Соңғы жаңалықтар