Қонаққа құманмен су құю дәстүрі неге құрып барады - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада еліміздің өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына ел аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

  

Базарың құтты болсын, ардақты елім! -  «Орталық Қазақстан» газеті

null

«1848 жылы жаз айларында Қарқаралы көпесі Варнава Ботов тауар тиелген көшімен Қу болысының Қоянды атанған нулы да, сулы жеріне сол болыстың управителі Ақайдың Хасенінің келісімімен қонып орналасады. Осы өлкені Қаракесектің Жарылқап, Наманай, Құдайберді ұрпақтары көшіп-қонып жайлайтын еді» деп жазады «Орталық Қазақстан» газеті атақты Қоянды жәрмеңкесі туралы мақалада.

Жазуынша, қазақ даласында аты шыққан Қоянды жәрмеңкесі Жарылғап бабаның тікелей ұрпағы Қу болысы (1872 жылдан 1916 жылғы аласапыранға дейін) Ақайдың Хасенінің рұқсатымен және қатысуымен өтеді екен. Жәрмеңкенің атағы тек қазақ даласында ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріне, Қытай мен Ресейге белгілі болып, саудагерлері барыс-келіс мықты болған.  

Мақала авторы қазақ елінің саяси өміріне, мәдениеті мен өнеріне, экономикасына үлкен серпіліс берген Қоянды жәрмеңкесінің маңызы өте зор деп есептейді. Автор көнекөз қариялардың жәрмеңкеге қатысты әңгіме естеліктерін, 1930 жылы соңғы жәрмеңкеден кейінгі ауыл тағдырын және жерлестерінің Кеңес заманындағы, тәуелсіздік жылдарындағы һәм бүгінгі өмірін сөз етеді.

Жалпы мақала Қоянды елі туралы болғанымен, көзі қарақты оқырман үшін үлкен ой салады. Кезінде күллі өңірге атағы шыққан сауда аймағын бүгінгі күні жаңғыртса қалай болар еді деген де ой келеді. Автор Қоянды ауылының тарихын жаза келе күллі қазақтың басындағы тарихынан сыр шерткендей болады. «1955 жылы жаңадан құрылған тың совхозы комсомолға Қоянды жәрмеңкесінің айналасындағы бір кездегі ат ойнатып көкпар тартқан, бәйгіде тұлпарлардың тұяғы дүрілдеткен боз даланы тың игеруші келімсектерге беріп, ел басшылары қасиетті жердің ту-талақайын шығаруға рұқсат берді...Келімсектер мешітті де аяған жоқ, алайда христиандар болғасын ба, орыс шіркеуіне тиіскен жоқ. Осы жылдарда қалған тас ғимараттар бұзылып, қоймалар шеберхана үйлер салуға құрылыс материалдары пайдаланылды. Жәрмеңкеден қалған ескі ескерткіш, орыс шіркеуі мен көпестің қоймасының жартысы бұзылып, сол кезде біздің өткенге көзқарасымыздың қандай болғанының куәсі болдық. Сонымен, бүгінгі күнге жеткен сол көпестің қоймасының жұрнағы мен мұндалап тұр. Өкінішті-ақ».

Айтқандай, Қоянды жәрмеңкесінің құрылғанына биыл 170 жыл толып отыр екен. Атақты жәрмеңкенің тарихы туралы қаза берсең, шежіреге толы, қатпар-қатпар дүниелер туатынын да меңзепті автор. «Дүние-ай, қадіріңді құрт ұқтырып, Барасың күннен-күнге ынтықтырып. Көлбеген көк белдерге, туған жерге, Қараймын көздің жасын сүртіп тұрып» деп ақындар айтқандай, менің туған елге деген сағынышымның бір белгісі - осы жазбам» деп түйіндейді қарт қаламгер.

Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден - «Aq jol» газеті

null

Автор батысқа еліктеген жастарды «рухани дағдарысқа ұшыраған» деп айыптапты, қыздардың киген киімінің де тоз-тозы шыға бастағанын, қысқа юбка, жыртық джинсы сәнге айналғанын айтыпты. Киім ғана емес қыздардың сөйлеу мəнері, жүріп-тұруы, киім кию əдебі де эволюцияға ұшыраған. Бірақ бұл бүгін ғана айтылып жатқан әңгімесе емес. «Бұрын қазақ қыздары дегенде, оларды үлкеннің сөзін бөлмейтін, астарлап айтқан ақылдан тағылым алатын, кішіге қамқор болып, мейірімнің үлгісіне айналған инабатты ару деп сипаттайтынбыз. Бір үйдің ошағын жағып, түтінін түтеткен аналарымыз берген тəрбие осы болатын. Қазіргі қыздарымызды сөзбен бейнелесек, бетіне батпан бояу жағып, түрлі бағдарламаларға түсіп, бет жұлысып жататын, сонысына масаттанған бойжеткендерді көреміз. Көгілдір экран алдында бірі жігітке таласып жатса, енді бірі ақшаға сатылып жатқанын көру - бізге таңсық жағдай болмай отыр. Өкіндіретіні де - сол» дейді автор. Бұл ретте мақалада қазақы киінген қызда иман болатыны, қызылды-жасыл оюмен əдіптелген қамзолдар сыпайылық сақтауға сеп болатыны туралы да айтылыпты. «Осындайда абыз Абайдың: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген сөзін естен шығармасақ деймін».

 

Құранның 13 парасын жатқа білген Сұлтанмахмұт  - «Сарыарқа самалы» газеті

null

«Сарыарқа самалы» газетінің соңғы нөмірі негізінен биыл туғанына 125 жыл толатын ақиық ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналыпты. Сұлтанмахмұт 1893 жылы 28 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында туған. 2 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Сұлтанмахмұт алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болған екен.

Газетте Сұлтанмахмұт туралы Жүсіпбек Аймауытовтың естелігі де жарияланыпты. Онда былай деген екен: «Қандай бейнет көрсе де, жолына қандай бөгет тұрса да беттеген мақсатына жетпей тынбайтын Махмұтта мінез бар. Махмұт тақуа болды. Тұла бойы тұнған тұмар, мойнында - тәспі, дұғалық, аузында - зікір, күн шықпай оқығаны - намаз, заулатқаны - «жасын», ол дәретсіз жер баспайтын. «Қари болам» деп Құранның 13 парасына дейін жаттап алды. Сырлас жолдастарына «күллі денем зікір айтқандай болады да жүреді» дейтін».

  

Кітаптың болашағы бар ма?- «Сыр бойы» газеті

null

Қазіргі қоғамда кітапқа қатысты әңгіме жиі айтылады: бірі жастар кітап оқымайтынын айтса, екіншісі кітапқұмар қоғамның қайта туатынына сенеді, үшіншісі қазіргі кітаптың айналасындағы мәселені қаузайды. Мақала авторының пікірінше, «бүгінгі қоғамның басты дерті кітап оқымау емес, кітапқа құрметпен қарамау болып отыр». Өйткені, оның пайымынша, мағлұматы мол ақпарат алу қазіргі қоғамға қиын емес. Осы тұрғыдан автор «кітаптың керексіз құралдай қоғам өмірінен ысырылып қала ма?» деген қауіпке тоқталады. Кітаптың пайда болуынан бастап, қазіргі көркем әдебиетке қызығушылықтың жоғалған заманына да тоқталады. «Шынымен де, кітап қазір не үшін керек? Кітапханаларды безендіріп, кітаптан түрлі бейнелер жасау үшін бе, өз ата-бабасын насихаттау үшін бе, одан қалды тұрмыстық құрал ретінде пайдалануға ма? Мұның бәрін көріп-біліп отырған әдеби қоғам іштей қынжылары сөзсіз. Бірақ, аурудың алдын алуға болады деген үміт те жоқ емес» дейді автор.

Мақалада кітап туралы атақтылардың айтып кеткен небір өлмес сөздері де келтіріледі, сосын баспаханалардан шығып жатқан саны көп, сапасы жоқ кітаптарға да назар аудартады. «Том-томдардың шамадан тыс көбейіп, қызықсыз жинақтардың жұртшылыққа ұсынылуы ойлы оқырманды мезі еткені белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде де баспаханалардың да басты рөл атқаратыны айқын. Сондықтан сапалы өнім мен сауатты ақпарат ұсыну үшін баспаханалардың да өз тараптарынан сұрыптаулардың жиі болғаны абзал».

Айтпақшы автор, кітап оқуды қолданыстан ысырып келе жатқан технология жетістігі деп QR кодтарды айта кетіпті. Осының бәрін түйіндей келе, «кітаптың болашағы бар ма?» деген сауалға да тоқталады.

Балам жақсы болсын десек, өзімізді түзейік... - «Арай» газеті

null

Жамбыл облыстық жастар газеті ақсақалдың жастарға айтқан аталық ақылын жариялапты. Автор бүгінгі балалардың қараусыз қалып жатқанына қынжылады. Күнұзаққа баланың кіммен бірге болғаны, немен шұғылданғаны, қандай ас ішкені үлкендердің назарынан алыстағанын айтып «осы салғырттық салдары бүтін бір елдің ертеңіне үлкен салқынын тигізуі әбден мүмкін» деп топшалайды.

«Қазіргі нарықтың қыспағы ма әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір көп кісілер қызу мінезді. Сәл нәрсеге ызаланып, ашулана сөйлеуге бейім. Тіпті, кейбір ер жігіттер аузын ашса, жаман сөздермен балағаттап шыға келеді. Енді бір әйелдер болмашы нәрсеге шапылдасып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Тіпті, ондайда қасында бала тұрғанын да аңғармайды. Ондайды көрген бала ертең дәл соны қайталамасына кім кепіл?». Айтпағы, бала жақсы болуы үшін ең алдымен үлкендер барынша сөзі мен ісіне  мұқият болуы керек.

 

Сөз қадірін білмеген, өз қадірін жоғалтады - «Атырау» газеті

null

Мақала негізінен тілге, ана тіліне деген құрмет туралы болып отыр. Автор бір жолы Ұлыбритания астанасы Лондонға сапар шеккенін, жолай транзитпен Украина арқылы барғанын айтып, сондағы  украиндықтардың өз тіліне деген шексіз құрметіне таңғалады.

Жалпы мақалада қазақ тілінің бұған дейін де баспасөзде талай айтылып, талай жазылып жүрген жайттары қамтылыпты. Баласын орыс мектебіне беретіндердің намысы жоқтығын нұқып, Кавказ халқын мысалға тартады. Сосын қазақ тілінің аудармаға айналып бара жатқанын, бұл тек баспасөз, әдебиетте ғана емес күнделікті өмірде солай екеніне көңіл бұрады. «Расымен де солай секілді. Мәселен, біреу түшкірсе «Жәрекім Алла!» дейтін аталардың ұрпағы едік, бүгінде «сау бол» дейтінді шығардық. Бұл сөз орысша «будь здоров» дегеннің қазақшасы ғой! Бұл тек бержағы ғана, мәселен, дәрі-дәрмек қорапшасының ішіндегі түсіндірме қағазды оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұратыны айқын».

 

Сүлеймен патша да құманмен су құйған - «Орал өңірі» газеті

null

«Орал өңірі» газеті қонаққа қолға су құю дәстүрі туралы мақала жариялаған екен. Расында да, бұндай дәстүр еліміздің батыс өңіріне ғана емес қазақ даласының барлық өңіріне ортақ еді. «Оның да өзіндік тәртібі бар. Жаз кезінде немесе шай ішер алдында құмандағы су салқындау, ал ас  берілгеннен кейін майлы тамақтан соң құмандағы су ысқылтым болуы керек». Қазір ше? Мұндай дәстүрді урбанизация ұмыттырды ма? Әлде ыстық суы шүмектеп тұратын өркениеттілік ұмыттырды ма?

«Бір қолға су толы жез құман, бір қолға жез леген шылапшынды ұстап, иығыңа орамал іліп, қолға су құясың. Үйде жағалай дөңгелене отырған адамдардың оң жақ шетінен бастап құясың. Ал ас желініп, дастарқан батасынан кейін бата берген қариядан бастап оның оң жағындағы, мейлі ол жас болса да үш адамға құйып, одан соң бата берген қарияның сол жағынан етекке дейін келіп барып, манағы төрдегі үш адамнан ары төмен қарай жалғайсың. «Су етектен, бата төрден» деген, оң жақтан бастап құй сарылдатпай, үзіп-үзіп үш рет құй», «Төртіншісін қонақ сұраса ғана құй» деп бақылап тұратын». Көпшілігімізге таныс көрініс. Осы су құюдан алған батаның өзі қандай еді десеңізші!

Автор осындай дәстүрге қатысты әкеден қалған әңгімені де алға тартыпты. Аңыз бойынша құманмен қонаққа су құю дәстүрі Сүлеймен пайғамбардан қалған екен. Мақалада осы аңыз туралы жазылып,  «Сүлеймен де су құйған», «Су иесі -  Сүлеймен» деген сөздердің ел арасына таралу нұсқасына тоқталыпты. «Қазақ халқы үйге қонақ келгенде жас баласының қолына құман мен сүлгі беріп: «Үлкеннің батасын  ал»  деп  су  құйғызады. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген тәмсіл, нақыл сөз Сүлейменнен қалған екен».

  

Интернеттен оқып жүр... - «Қостанай таңы» газеті

Интернетсіз өмірді елестету қиын болып бара жатқан заман бүгін. Бұл интернетті де әркім өз қажетіне қарай қолданады: бірі жедел ақпарат алмасу мүмкіндігі деп таниды, бірінің қызметі желілермен тығыз байланысты, ал біреуі үшін, бар болғаны, ермек, қызығушылық. Осы ретте «Қостанай таңы» газеті «Қостанай тұрғындары интернетті қалай пайдаланады, интернеттің игілігін неден көреді?» деген сауалға газеттің жанындағы әлеуметтік-эмперикалық зерттеу орталығының сауалнама нәтижесін жариялапты. Сауалнамаға қатысқан облыс тұрғындарының 51,8%-ы интернетті жеке мұқтаждығына ақпарат іздеу үшін тұтынады екен. 42,9%-ы әлеуметтік желілерде, топтарда қарым-қатынас орнату үшін қызықтаса, 30,1%-ы - жастардың үлес салмағы болса керек - музыка, видео, фильмдер көшіру, көру, тыңдау үшін жиірек интернетке жүгінеді екен.

«Сауалнама бойынша өзге нұсқалардан гөрі әлеуметтік желілердің виртуалды тұрғынына айналуды интернеттің жалқы игілігі деп санайтындар басым. Қазір не көп - әлеуметтік желінің түрі көп. Оларды қолдану да талғам мен жас ерекшеліктеріне қарай жіктеледі. Мәселен, орта есеппен, облыс бойынша сауалнамаға қатысқандар ішінде "Одноклассники" желісін тұтынушылар үлесі көп болып шықты - 43,1%. Мектеп жасынан бастап танымалдыққа ие "ВКонтакте" желісін өзгелерден артық көретіндер екінші орында - 41,6%. YouTube команиясының өнімдеріне бүйрегі бұратындар - 38,9%, Google+ тұтынушылары - 34,5%».

Облысқа қарасты қалалардың тұрғындары ВКонтакте (46,9%), Instagram (43,7%), YouTube (39,1) және Одноклассники (36,2%) желілерін жиі қолданады екен.

«Қазір ғаламның әр бұрышын жазбай қадағалап отыратын «жалғыз көзді» смартфон деген құдірет кім-кімнің де қолында бар. Бүкіл әлемді «үлкен ауылға» айналдырып, «астаналық/провинциялық» стереотипін талқандаған интернеттің пайдасы да, зияны да қыруар. Тек соның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуді білгенге не жетсін!» деп түйіндепті сауалнаманы.

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар