Қонақ үйдегі бала өлімі: Британ азаматына қатысты сот отырысы өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматыда InterContinental қонақ үйінде көз жұмған бір жарым жасар баланың өлімі бойынша сот отырысы өтті. Сот алдында қыздың әкесі, британ азаматы Баракат Мохаммед жауап беріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн режимдегі сот отырысында сотталушының үш адвокаты 3 түрлі өтініш білдірді.

Бірі – іс бойынша келтірілген дәлел-айғақтарды қайта қарау, психиатр маманның қорытындысын іске енгізу, істі алқа билердің қатысуымен қарау туралы өтініш енгізді.

Қорғаушы Таир Назханов сотқа дейінгі тергеу кезінде қылмыстық процессуалдық кодекстің нормалары өрсекел бұзылғанын алға тартты.

Оның айтуынша, сотталушыға кәсіби заңды көмек көрсетілген жоқ. Бұның барлығы әділ әрі заңды үкім шығаруға кедергі болмақ.

Адвокат 34 пункт бойынша қылмыстық процессуалды кодекс бұзылғанын атап өтіп, барлығын алдын-ала сот отырысында қарау керектігін айтты.

Атап айтқанда, баланың денесін қарағанда, Баракат Мохаммедті ұстағанда, қонақ үйдегі нөмірді қарау кезінде заңбұзушылықтар болған.

«Жәбірленушіге қатысты сот, медициналық, кешенді, психолого-психиатриялық сараптама тағайындауды сұраймын. София Баракат қатысты (сотталушының қызы - авт) медициналық құжаттарды қарап, қажет болған жағдайда эксгумация жасауды сұраймын. Өйткені миына жарақат келтірудің механизмі зерттелмеген», - деді Т.Назханов.

Оның айтуынша, Баракаттың құсығынан есірткі заты табылғаны туралы наркологтардың қорытындысы күмән тудырады.

Сот отырысы келесі аптада жалғасатын болды.

Айта кету керек, оқиға 2019 жылы 24 қазанда Алматыдағы InterContinental қонақ үйінде 1,5 жастағы София Баракат есімді қыз бала көз жұмған болатын.

Полиция күдікті ретінде оның әкесі Баракат Мохаммедті ұстады.


Соңғы жаңалықтар