Қонаев қаласының келбеті қалай өзгерді – фоторепортаж

None
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Қонаев қаласы қарқынды дамып, түрленіп келеді. Облыс орталығы болғалы шаһарда әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды. Одан бөлек, жол, жағажай, аулалар мен алаңдарды абаттандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Күннен-күнге келбеті күрт өзгеріп жатқан курорттық қалаға ҚазАқпарат тілшілері барып қайтты.

«Биыл наурыз айынан бастап қалаға 2 млрд теңгеге жуық инвестиция құйдық. Бұл электр желісін, су құбырын қалпына келтіру, қаланы абаттандыру үшін. Осы бағытта келе жатырмыз. Бізде тағы 47 іске асырылмаған жоба бар, оның 10-ына ақша бөлініп қойған. Тағы 10 жоба қарастырылып жатыр, яғни бюджеттік комиссияға нақтылауға өтініш бердік. Қалғанына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. Келесі жылы біз қаланың толық қолданыстағы инженерлік желісін жаңартамыз», - деді баспасөз туры барысында Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев.

Қаланың дамуына қыруар қаржы тартылып жатқанын Қонаевқа кіре берістен-ақ байқауға болады. Ең алдымен, қонақтардың көзіне Алматы облысының символы саналатын барыстың көлемді композициясы түседі.

«Қаланың визит картасы – кіре берісі. Сондықтан, барысты облысымыздың символы етіп бекіттік. Бұл аумақты тартымды етіп безендіру үшін арнайы мамандар жұмылдырылды, яғни дизайнерлер мен сәулетшілер тобы жұмыс істеді. Тұрғындар мен қонақтардың пікіріне сүйенсек, бұл жер барынша үйлесімді және әдемі болып шықты. Мұнда сәндік көшеттер отырғызылды. Түнде шамдар жанады. Адамдар келіп суретке түсуі үшін жасалған фотоаймақтар да бар», - дейді Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет.

Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі – орталық алаң. Д. Қонаев ескерткішінің айналасындағы алаң қайта жаңғыртылған. Бұл жұмыс қалалық кеңістіктерді ұйымдастыру тұжырымдамасы аясында жүргізілді.

«Алаңның жанында қазір жалпы ауданы 2,5 гектар болатын үлкен скейт-парк салынып жатыр. Бұл Азиядағы ең үлкені болмақ. Оның аумағында орталық саябақпен жалғасатын жүгіру жолдары салынады. Мұнда ірі жарыстар өтеді. Жоба Қазақстанның скейтбординг федерациясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Ашылуы 2023 жылға жоспарланған», - дейді Қонаев қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Қарағонысов.

Оның айтуынша, қаладағы аула аумақтарында да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс барлық ықшамауданды қамтиды. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің қасбеттерін жөндеу, оның ішінде қабырға суреттерін қолдану жұмыстары қолға алынған. Бүгінге дейін суретшілер 12 үйдің қабырғасына мурал салып үлгерген. Сондай-ақ, қалада жаңа жағажай салынып жатыр.

«Қазір сегізінші жағажай салына бастады. Бұл – қоғамдық жағажай. Адамдардың қатынауын жеңілдету үшін ұзындығы 815 метр жол салып жатырмыз. Мұқанов және Достық көшелері болады. Жол екі жолақты, сонымен қатар көшеге жарық тартылып, тротуарлар салынады», - деді Дархан Қарағонысов.

Баспасөз туры барысында журналистер жаңа 10-шағын ауданда да болды. Мұнда көпқабатты үйлер мен 900 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ол 2023 жылдың наурыз айында тапсырылады деп жоспарланған. Бұл жобаны жүзеге асыруға 2,7 млрд теңге бөлінді.

«10-шағын ауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы басталды. Келесі жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жобаның жалпы сомасы – 2,8 млрд теңге. Сондай-ақ, емхана мен балабақша салу қарастырылған. Қазірдің өзінде жақын жерде мектептің құрылысы жүріп жатыр», - дейді Қонаев қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Самал Тасқалиева.

Қала әкімі Нұрлан Құматаевтың айтуынша, 107 тұрғын үй салу жоспарда. Оның 13-і бюджет есебінен, қалғаны жеке компаниялардың есебінен салынады.

Баспасөз тур барысында Нұрлан Құматаев қаланың қай бағытта дамитыны туралы айтты.

«Екі алаң таңдадық. Біріншісі, қала ішіндегі – G-4 қаласы. Екінші учаске – Жаңа Іле массиві, Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауы. 1 800 гектар аумақты қамтитын жаңа бас жоспар әзірледік. Оны тиісті орталық мемлекеттік органдар ұсынып, талқылануы, келісілуі тиіс. Халықтың өсімі шамамен 100 мың адамға жетеді деген болжам бар. Мен одан да көп болады деп ойлаймын», - дейді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, ол қаланың барлық аудандары камералармен, атап айтқанда «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенімен қамтылатынын жеткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің филиалдары ашылып, Қазақстандағы тұңғыш су шаруашылығы академиясы пайда болатынын атап өтті. Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қонаевта академиялық қалашық құру құруды ұсынған болатын.

Еске сала кетсек, осы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Алматы облысы екіге бөлінді. Мамыр айында Президент Жарлығымен Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездесуінде өңірді дамытудың басым бағыттарын айқындап берген еді.


Соңғы жаңалықтар