Қонаев қаласының дизайн коды таныстырылды

None
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы облысында мәслихат депутаттарына Қонаев қалысының дизайн коды таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, жиында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов аймақта «Almaty region master plan» ЖШС құрылғанын мәлімдеді.

«Аталмыш мекеме G4 City-ге кіріктірілген төрт бірдей қаланың жобалау жұмысымен айналысып жатыр», - деді Нұржан Құдайбергенов.

Шаһар келбетіне өзіндік көрік қосатын ерекше дизайн үлгісін «Almaty region master plan» ЖШС директоры Арсений Пирожков өзі таныстырды.

«Біз қаланың көркін ашатын дизайнерлік жұмысымызда ең алдымен бұқараға қолайлы жағдай жасауды көздедік. Бала жетектеген ана мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруына баса назар аудардық, артынша облыс орталығының сәулетінің көрген көзге көркем болуын қадағаладық», - деді Арсений Пирожков.

Оның дизайндік жобасында көшенің қос қапталы, тұрғын үйлердің қасбеттері, тіпті, сауда орындарының келбетін өзгертуге қатысты түрлі ұсыныстар көрсетілген. Тек субұрқақ көрініс таппаған. Бұл турасында облыстық мәслихаттың депутаты Лаззат Тұрлашов пікірін ортаға салды.

«Қонаев қаласының ауа райын баршаңыз білесіздер. Жазы өте ыстық. Сол себепті, субұрқақтарды орналастырған абзал. Екінші мәселе, ғимарат сыртын ретке келтіру көп шығынды талап етпеуі тиіс, осының оңтайлы шешімін тауып, қазынаға түсер салмақты жеңілдететін жолды қарастыру керек»,- деді Лаззат Тұрлашов.

Жиынға қатысқан өзге де депутаттар қала ішінде автотұрақ мәселесі мен велосипед үшін арнайы жол әзірлеу қажеттігін айтты.

«Жалпы, жаңа мәртебеге ие болған шаһардың көрінісін көрікті ету үшін әлі талай жұмыстар атқарылмақ. Жаңа қаладан бұрын, ескісін ретке келтіру жауаптылар алдында тұрған үлкен міндет. Инфрақұрылымынан бастап, кәріз жүйесін жаңартуға дейінгі жұмыстар кезең- кезеңімен жүзеге асады. Барлық істер бас жоспардың шеңберінде атқарылмақ, дизайн код нақты бекітілсе шаһардың келбетіне ажар қосу жұмыстары қос құжат арқылы іске аспақ», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Алматы облысындағы G4 City қаласын дамытуға қатысты тапсырма берген болатын.

Кейін Үкімет қаулысымен 2048 жылға дейінгі кезеңге Алматы облысында ауданы 30 мың га G4 City арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды.

Соңғы жаңалықтар