Қонаев қаласында 1 млн шаршы метрден астам баспана салу қажет – әкім

None
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Қонаевта 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салу қажет. Бұл туралы қала әкімі Нұрлан Құматаев баспасөз туры барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрлан Құматаевтың айтуынша, қаладағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы - бүгінде 3,2 млн шаршы метр, тағы 1 млн шаршы метр қажет.

«Себебі бізде жаңа жұмыс орындары ашылып, адамдар келіп жатыр. Бұл - жаңа облыс орталығы. Өткен жылы бекітілген бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша қазір жаңадан үйлер салып жатырмыз», - деді әкім.

Сонымен қатар, ол осы жылдың тамыз айынан бастап Қонаевта сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы бойынша 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің құрылысы басталғанын атап өтті.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалпы алаңы 50 гектар жерге үй саламыз. Біз қазірдің өзінде орындарды анықтап қойдық. Сондай-ақ, жеке құрылыс салушылар тұрғын үй құрылысына инвестиция салуға ниет білдірді. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс істей бастадық. Қазіргі уақытта 107 үйдің құрылысын жоспарлап қойдық, оның 13-і бюджет есебінен, қалғаны жеке компаниялардың есебінен салынады», - деді әкім.

Шаһар басшысының сөзінше, 10-шағынауданда 900 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр.

Ол келесі жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, жақын арада тағы екі мектеп пен 150 келушіге арналған балалар емханасын салу жоспарда.

«Қазір қаланың бас жоспарын әзірлеп жатырмыз. Ол бекітілгеннен кейін әлеуметтік нысандар, әкімшілік ғимараттар мен кәсіпкерлік нысандарының құрылысын жоспарлаймыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар