«Композит Профиль» ЖШС басындағы дау бірқатар заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігін көрсетіп отыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жалған кәсіпкерлік туралы заңдағы кемшіліктер кесірінен құны 500 млн еуро тұратын ҮИИДМБ жобасы іске аспай қалды.

Қазір «Композит Профиль» ЖШС басшылығы сот пен прокуратураны сағалауға мәжбүр.

Аталған кәсіпорынның мәселесі бүгін Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасында жан-жақты талқыланды.

Аталған жоба Қазақстанның индустрияландыру картасына енген. Жоба бастамашыларының тың идеясын ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Алматы әкімдігі де қолдаған еді. Тіпті аймақтық инвест-форумдарда бұл жоба жоғары бағаланып, арнайы сертификат берілген.

«Жобаның алғашқы кезеңінің құны 14 млн еуро, ал жалпы жобаның құны 500 млн еуро болатын. Біздің жоба бойынша Қазақстанда әйнек талшықты профиль өндіретін 5 зауыт салу жоспарланды. Бұл салаға қажет шикізат кварц та сырттан әкелінбейді. Бәрі Қазақстанда бар. Біздің өнім металды да ауыстыра алады. Тіпті металл өндірісіне бәсеке болатын мүмкіндік туған еді. Алматы әкімі бізге жаяу жүргіншілер көпірін салуға тапсырыс берген. Әрі «Экспо-2017» көрмесі аясында да жобамыз өте өзекті болатын. Өйткені, біздің өніміміз экологиялық тұрғыдан таза», - деді ЖШС директоры Жанболат Ташенов.

Индустриялық жобаны жүзеге асыру жолында 2011 жылы кәсіпорын бір фирманы сатып алады. Кейін анықталғандай, бұл фирма жалған кәсіпорын болып шыққан. Әрі бұл фирманың мойнында төленбеген 10 млн теңге көлемінде салықтық міндеттемесі бар екен.

«Келісім жасамай тұрып, салық органына сұрау жібердік. Олар таза, ешқандай қарыздары жоқ деді. Біз келісімге отырған соң 9 айдан кейін бұл фирманың жалған кәсіпорын екендігін салық органдары хабарлады. Сонда осы уақытқа дейін неге салық органдары бізге хабарламады? Біз үнемі салықтық есепті тапсырып тұрдық. Енді біз жалған кәсіпкер болып шыға келдік. Шын мәнінде біз фирманы сатып алған кезде оның жалған екендігін білмедік»,- деді Жанболат Ташенов.

Содан бері жасампаз жоба тоқтап тұр. Ал кәсіпкер кімге барарын білмей дал.

«Сотқа да, прокуратураға да, әкімшілікке де, министрлікке де бардық. Енді кімге жүгінеміз, білмеймін»,- деді ол.

Заңның кәсіпкерлерге ауыр тиетін солақай тұстары бар екендігін палата өкілдері де растап отыр.

«Егер, ұйымда жалған кәсіпорынмен байланыс бары анықталса, оған салық органдарынан хабарлама түседі. Егер ұйым бұл хабарландыруға 30 тәулік ішінде жауап бермесе ҚР Салық кодексінің 611 бабы бойынша сыртқы қаржылық операциялары шектеліп, кәсіпорынның жұмысы тоқтатылады. Ал егер хабарландырумен келіспесе, ол өзінің ақтығын сотта дәлелдеу мүмкіндігінен айырылады. Бұл жағдайда «жалған кәсіпорын» екендігі туралы сот шешімі күшіне енбей тұрып, алаяқ фирманы сатып жіберіп отыр. Алайда, заңда осындай олқылықтың алдын алатын баптар қарастырылуы керек», - деді қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетов.

Биылдың өзінде Алматыда 250 жалған кәсіпорын анықталған.

Қалалық кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнесменнің шағымын қарай келе, бірнеше тоқтамға келді.

«Алдымен ҚР бірқатар заңнамасына өзгеріс енгізу қажет. Бұл өзгерістерді ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деңгейінде шешкен дұрыс. Сондай-ақ сотқа шағымдану мүмкіндігін де қайтару талап етіледі. Қаржы полициясымен де бірқатар мәселелерді талқылап алу керек. Олар мәселенің мән-жайына қанықпай жатып бірден қылмыстық іс қозғамауы тиіс. Бұл жерде біздің палатаның қаржы полициясымен бірге қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум бар. Мен ойлаймын, бұл мәселе шешімін табады», - деді Алматы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерді қорғау кеңесінің төрағасы Тілек Байғабылов.

Соңғы жаңалықтар