Компанияларда қазақстандық жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге талдау жүргізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шетел жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда кадрлар бойынша қазақстандық қамту 96 пайыз. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыспен қамту саясатындағы біздің негіз мақсатымыздың бірі – ұлттық еңбек нарығын қорғау. Бұл базалық талапты министрлік те, барлық жергілікті атқарушы органдар да ұстанады. Бүгінде шетел жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда кадрлар бойынша қазақстандық қамту 96 пайызды құрап тұр», - деді вице-министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, кәсіпорындарда шетел және Қазақстан мамандарының лауызымы мен кәсібі, сондай-ақ қызметтік міндеттері де бірдей болса, шетел азаматтарына жоғары еңбекақы төлеуге еш негіз жоқ.

«Бұл талапты қатаң бақылауда ұстап тұрмыз, осыған мемлекеттік еңбек инспекциясының, прокуратура органдарының күш-жігері бағытталған. Бүгінде Президенттің тапсырмасын ескере отырып, тиісті тексерулер жүргізіледі. Осы ретте шетел мамандарын тартатын компаниялар қамтылады. Егер де қазақстандық жұмысшының біліктілігі жұмыс беруші белгілеген еңбекақыға сай келсе, онда маманның жалақысы тиісті деңгейде өседі», - деді Ақмәди Сарбасов.

Еске салсақ, Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғауға көңіл бөлуді тапсырған еді.

Айта кетейік, жақында Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова шетелдік жұмыс күші бар кәсіпорындарда шиеленісті болдырмау жоспары әзірленіп жатқанын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар