Компаниялар арасында әділ бәсеке болуын қамтамасыз ететін жүйе керек - Тоқаев

None
None
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде барлық компаниялар арасында әділ және адал бәсеке болуы керектігін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап хабарлайды.

«Жергілікті өнім өндірушілер үшін тең құқылы жағдай жасау. Қазір салық және басқа да бюджеттік төлемдер бойынша тек шетелдік жеткізушілерге жеңілдік бар.

Соның кесірінен, біздің кәсіпкерлер байқауға қатысуға әрекет те жасамайды, себебі, одан еш пайда жоқ екенін біледі. Импорт өнімі бәрібір арзанға түседі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде.

Сондай-ақ, ол бұл мәселені жүйелі шешу қажеттігі туралы айтты.

«Бұл - біздің жүйелі мәселеміз, оны Үкімет жедел түрде шешіп, жағдайды өзгертуі тиіс.
Барлық компаниялар арасында әділ және адал бәсеке болуын қамтамасыз ететін нақты, айқын жүйе жасау керек. Бұл бәріне пайдалы болады», - деді Қ.Тоқаев.

Еске сала кетсек, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапарымен келгендігі туралы хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар