Компания қызметкерінің жұмысына сын айтылады да, жолаушының теріс әрекеті назардан тыс қалады - SCAT басшысы

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – SCAT әуекомпаниясының президенті Владимир Денисов қызметкерлер мен жолаушылар арасында туындап жататын жанжалдарды кешенді түрде талдау қажет деп санайды. Оның айтуынша, әуекомпания қызметкерлері жолаушылардың агрессиясы әсерінен эмоционалдық қысым көреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдері компания басшысынан «Көрсетілетін қызметтердің сапасы нашарлап бара жатқанын сезінесіз бе?» деп сұрады.

«Мен бүгін таңертең Премьер-Министр айтқан оқиғаның мән-жайын білмеймін. Оны анықтап, сіздерге ақпарат беру үшін осы алаңға қайта шығамыз. Әуежайда барлық әуекомпаниялардың өкілдері бар. Рейс кешіккен кезде біз сол әуежайда жұмыс істейтін қызметкерлеріміздің жолаушылармен үнемі байланыста болуын міндеттейміз», - деді Air Astana авиакомпаниясының президенті Питер Фостер.

Ал, SCAT әуекомпаниясының президенті Владимир Денисовтың айтуынша, қызметкерлер мен жолаушылар арасында туындайтын шиеленісті мәселелерді кешенді түрде талдау қажет.

«Авиакомпания өкілдері жарақат, соққы алып жатады. Олар жолаушылардың агрессиясынан эмоционалдық қысым көреді. Жалпы, бұл мәселе ешқашан көтерілген емес. Тек, осы жылы жолаушыларға арналған «қара тізім» енгізу туралы шешім қабылданды. Біздің қызметкерлердің нашар жұмысы туралы айтатын болсақ, неліктен жолаушылар тарапынан болатын теріс әрекеттер туралы ешкім мәселе көтермейді. Мұны кешенді талдап, қандай да бір жолын қарастыру керек шығар», - деп пікір қосты ол.

Айта кетсек, бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов әуекомпанияның жолаушымен диалог орнату мәдениетінің төмендігін сынға алған болатын.


Соңғы жаңалықтар