Коммунистік партия Қордайда көз жұмған марқұмдардың отбасына көңіл айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан коммунистік халық партиясы Қордай ауданындағы жаппай төбелестен қаза болған азаматтардың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат партияның Facebook парақшасына сілтеме жасап.

«Қазақстан коммунистік халық партиясы Жамбыл облысының Қордай ауданындағы тәртіпсіздік салдарынан қаза болған азаматтардың отбасына қайғырып көңіл айтады. Коммунистер адам шығыны орын алған оқыс оқиға объективті түрде тексеріліп, кінәлілер қатаң жауапқа тартылуы тиіс деп санайды. ​​Біз интернационализм идеясы мен халықтар бауырластығы насихатталатын көпұлтты елде бұзақылардың бассыздығы түрлі этностар арасында қалыптасқан достық қарым-қатынасқа сына қаға алмайтынына сенеміз», - деп жазады партия. ​

Коммунистер қазақстандықтарды арандатушылыққа ұрынбауға шақырды.

«Біз ақыл - жеңеді, ашу - басылады, шындық - анықталады, құқық қорғаушылар кінәлілерді тауып, жазасын береді, ал бауырларымыз бен қарындастарымыздың шаңырағына тыныштық орнайды деп үміттенеміз. Қазақстан - біздің ортақ үйіміз, әрқайсымыз оның қауіпсіздігі мен тұрақтылығына жауаптымыз. Біздің қуатымыз біздің тұтастығымызда. Біз бірге болғанда ғана сын-қатерлерге төтеп береміз», - дейді партия басшылығы.

Қазақстан коммунистік халық партиясы тергеу жұмыстарының объективтілігін бақылауда ​ ұстайды және қоғамдық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруды талап етеді.


Соңғы жаңалықтар