Коммуналдық желілерді цифрландыруды көздейтін заң жобасы дайындалуда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламентте қала құрылысы сараптамасы мен коммуналдық желілерді цифрландыруды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Жолдауында халық пен бизнеске жер учаскелері мен инженерлік схемалар туралы ашық ақпарат беру қажеттігі туралы айтылған болатын. Сол үшін бүкіл ел аумағы бойынша бірыңғай Қала құрылысы кадастры мен сараптамасы енгізіліп жатыр. Жер учаскелері мен инфрақұрылым желілерінің интерактивті картасы дайындалуда. Ол тұрғындар мен кәсіпорындарға инженерлік және коммуналдық нысандарға жедел қосылуға мүмкіндік береді»,- деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, қала құрылысы сараптамасы қалалы жердегі бейберекет және сапасыз құрылыстарды тоқтатуға, қала тұрмысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

«Бұл шаралар құрылысты жобалау кезінде қаражатты барынша үнемдеуге және құрылыс талаптарын қатаң сақтауға мүмкіндік береді. Интерактивті карталарда бос жатқан жер учаскелері мен инфрақұрылым туралы соңғы мәліметтер болады. Қазіргі уақытта Парламентте қала құрылысы сараптамасы мен коммуналдық желілерді цифрландыруды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Индустрия және Ауыл шаруашылығы министрліктері осы заң жобасының сапалы әрі жедел талқылануын қамтамасыз етуі қажет», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар