Коммуналдық-тұрмыстық көмірдің биржалық сауда-саттығы делдалдарды қысқартады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биржалық комитетте коммуналдық-тұрмыстық көмірмен биржалық сауда-саттықты ұйымдастыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанындағы Биржалық комитеттің 9-отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменовтің 2021 жылғы 24 ақпандағы кеңесте берген тапсырмаларын орындау шеңберінде тікелей өңірлік операторларға халықтың мұқтажы үшін коммуналдық-тұрмыстық көмірмен биржалық сауда-саттықты ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Отырысқа Биржалық комитет мүшелерінен, көмір разрездерінің, тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының өкілдерінен басқа, көмірді сауда-саттықта сатып алуға рұқсат алған Қазақстанның барлық облыстарынан өңірлік операторлар қатысты. Коммуналдық-тұрмыстық көмірмен биржалық сауда-саттықты бастау мамыр айының соңында жоспарланған, оның негізгі мақсаты – артық делдалдарды азайту есебінен халық үшін көмірдің түпкілікті құнын төмендету.

ҚР БҚДА төрағасының орынбасары Болат Сәмбетовтың деректері бойынша, ағымдағы жылғы 9 сәуірде Биржалық комитеттің хаттамасымен коммуналдық-тұрмыстық көмірді тауар биржалары арқылы өткізу бойынша ұсынымдар (секциялық қағидалар) бекітілді. Осы қағидаларға сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес көмір өндіруді жүзеге асыратын көмір өндірушілер (көмір разрездері, көмір шахталары) не олардың сауда өкілдері сатушылар болып, ал - жергілікті атқарушы органдар берген ақпараттың негізінде тауар биржасының аккредиттеуін алған нарық субъектілері, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде теміржол тұйығы бар, техникалық жарақтандырылған (таразы техникасы, тиеу-түсіру көлігі және т.б.) және көмірді сақтау мен тиеп-жөнелту және халыққа жеке пайдалану үшін өткізу мүмкіндігі бар көтерме саудада жеткізушілер немесе бөлшек саудада сатушылар сатып алушылар болып айқындалды.

Республика бойынша өңірлік операторлардың қалыптастырылған тізбесі 99% газдандырылатын үш өңірді (Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары) қоспағанда, 174 заңды тұлғаны (187 тұйыққа) қамтиды. Қалыптастырылған өңірлік операторлардың тізбесі барлық тауар биржаларының назарына жеткізілді.

Секциялық қағидаларға сәйкес сатушы монополияға қарсы органға келесі өндірістік жылға арналған коммуналдық-тұрмыстық көмірді ішкі нарыққа жеткізудің ай сайынғы жоспарын ұсынады, оның негізінде тауар биржасында өткізуге жататын биржалық тауардың көлемі ретінде ай сайынғы бөліністе жеткізілетін тауардың жалпы жылдық көлемінің 10% мөлшеріндегі тіркелген үлесі айқындалады.

ИИДМ-нің деректері бойынша, коммуналдық-тұрмыстық көмірді жеткізудің қалыптастырылған жоспарына сәйкес 2020-2021 жылдар кезеңінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір өніміне қажеттілік шамамен 10 млн тоннаны, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға - шамамен 2,8 млн тоннаны, халыққа - 7,2 млн тоннаны құрайды.

СИМ ішкі сауда департаменті директорының орынбасары Данияр Жүніс биржалық тауарлардың тізбесіне өзгерістер енгізу процесі туралы хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі кезде ең төменгі партияны жою және тауар биржасы арқылы 10% көлемінде сатылуы тиіс коммуналдық-тұрмыстық көмірдің ең төменгі үлесін белгілеу және осы норма қолданылатын тұлғалар санатын бекіту бөлігінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ тауар биржалары арқылы коммуналдық-тұрмыстық көмірді сату жөніндегі секциялық қағидаларды бекіту бөлігінде биржалық сауданың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіледі. Ағымдағы жылғы 12 сәуірде ұлгілік қағидалардың жобасы НҚА порталында орналастырылды және таяу арада мемлекеттік органдарға келісуге жіберілетін болады.

Коммуналдық-тұрмыстық көмірді болашақ сатып алушылар, өңірлік операторлар тарапынан сатып алу рәсіміне, көлемдеріне, ең төменгі партияларға және тиеу кезеңдеріне қатысты көптеген мәселелер айтылды. Бұл көлемді кім анықтайды? Ай сайын сауда-саттыққа қатысу керек пе? Өңірге көбірек сатып алуға бола ма? Егер жазда көмір қажет болмаса, оны сатып алу керек пе? Биржадағы өтінім қанша уақыт қаралады? Барлық сұрақтарға жауаптар берілді. Сондай-ақ Болат Сәмбетов Биржалық комитет тарапынан өңірлік операторларға биржадағы тіркеу мен сауда-саттықтың бастапқы кезеңінде көмек көрсетуге уәде берді.

- Коммуналдық-тұрмыстық көмірмен биржалық сауда-саттықтың басталуымен біз көптеген мәселелерді шешеміз: өнімсіз делдалдар кетеді, көмір разрездері көлемдерде белгілі бір кепілдіктер алады, ал өңірлік операторлар - көмірді шағын партиялармен тікелей өндірушілерден немесе олардың сауда өкілдерінен сатып алу мүмкіндігіне ие болады, - деп атап өтті БҚДА төрағасы Серік Жұманғарин. - Сауда-саттықта көмір бағасын тікелей көмір разрезі қалыптастыратын болады, бұл өте тиімді ұсыныс. Алыпсатарлықтың болмауы үшін көмірді жеткізу базалары бойынша бөлу мәселесін пысықтау маңызды.

Сондай-ақ Биржалық комитеттің отырысында Rail Commerce, маркетплейс вагондарының электрондық сауда алаңы таныстырылды, онда вагондардың меншік иелері мен операторлары көмір тасымалдауға өздерінің жылжымалы құрамын ұсынады, ал жүк жөнелтушілер немесе жүк базасының иелері вагондарға өтінімдерді ресімдей және болашақ кезеңдер шеңберінде жүктерді жөнелтуді жүзеге асыра алады. Бұл алаң сондай-ақ вагондарға тапсырыс беру кезінде делдалдардың санын қысқартуға және жөнелтуді бір ай бұрын жоспарлауға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар