Коммуналдық тарифті көтеруге жарияланған мораторий мерзімі аяқталды - ҰЭМ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коммуналдық тарифті көтеруге жарияланған 180 күндік мораторий аяқталғандықтан, тариф мөлшерлері өзгеруі мүмкін. Бұл жайында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент тапсырмасын іске асыру үшін ведомство халыққа коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге 180 күнге мораторий енгізді. Осыған байланысты 100-ден астам табиғи монополия субъектілерінің тарифтері түзетілген. Бұл халыққа 3,2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда мораторий аяқталды», - деді Тимур Жақсылықов.

Оның мәліметі бойынша, екінші жартыжылдықта тарифтер өзгеруі мүмкін. Бірақ, ол инфляция дәлізінің шегінен аспауы керек.

«Тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілері мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, сондай-ақ коммуналдық қызметтер тарифтерінің күрт өсуіне жол бермеу мақсатында келесі шаралар қабылданады:

- қаражаттардың мақсатты пайдаланылуын бақылау;

- тұрғын үй көмегі тетіктерін дамыту;

- әр аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, жеке әдіс көздеу.

Жаңа салық-бюджет саясаты шеңберінде бюджетаралық қатынастарды реформалау және мерзімдері мен кезеңдерін екі есе қысқарта отырып, бюджеттік жоспарлаудың реинжинирингі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Тимур Жақсылықов.

Айта кетсек, бұған дейін вице-министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сынынан кейін «Самұрық-Қазына» қорының миссиясы қайта қаралатынын мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар