Коммуналдық шаруашылық субъектілерінің 2 пайызы ғана геоақпараттық жүйелерге қосылған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 890 табиғи монополия субъектісінің 21-і ғана геоақпараттық жүйелерге жалғанған. Бұл жайында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аумақтардың бос қуаттары бойынша деректердің ашықтығы инвесторлар мен қарапайым халық үшін негізгі проблемалардың бірі болып есептеледі.

Қазіргі таңда елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 890-ға жуық табиғи монополиялар субъектісі жұмыс істейді. Оның тек 21-і (2 пайызы) геоақпараттық жүйелерде жұмыс істейді», - деді министр.

Ведомство басшысының мәліметі бойынша, қала құрылысы кадастрының жүйесі табиғи монополия субъектілеріне жалғану мүмкіндігі туралы мәліметтер ашық болуына жол ашпақ.

«Табиғи монополиялар субъектілерінің желілердің қуаттылығы мен оларға қосылу мүмкіндігі туралы мәліметтерді ұсынудағы проблемалық мәселелері атап өтіледі.

Қала құрылысы кадастрының жүйесі инженерлік инфрақұрылым объектілеріне қосылу бойынша, халыққа және бизнеске ашық мәліметтер беру үшін цифрлық платформамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Қайырбек Өскенбаев.


Соңғы жаңалықтар