Коммуналдық шаруашылық саласы тәуелсіз ұйымдар бақылауына беріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына тәуелсіз қоғамдық ұйымдар аудит жүргізетін болды. Бұл туралы Алматы әкімдігіндегі жиналыста ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр табиғи монополиялардың жұмысын қадағалау биыл да жалғасатынын айтты.

«Көп жағдайда ҚР Бас прокуратурасы тексеріп жатыр. Тарифтер түседі. Заңбұзушылықтар байқалса, оларды жою үшін барлық шаралар қолға алынады. Біз орталық мемлекеттік орган деңгейінде «ҚР Табиғи монополиялар туралы» заңын қабылдауға байланысты нормативті, заң тұрғысында бірқатар мәселелерді анықтап жатырмыз. Заң жобасы Парламентте жатыр», - деді Тимур Сүлейменов.

Осыған орай, арнайы қоғамдық кеңестер құрылады. Ұйымдар тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласын бақылаумен айналысады.

«Біз бұл ұйымдардың қызметін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қаржыландырып отырамыз. Бұл институт келер жылдың жартысынан бастап құрылады. Сонымен қатар, бақылауға БАҚ өкілдері де шығады. Ұйымдар БАҚ арқылы есеп беретін болады», - деді министр.

Айта кету керек, 7 қарашада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Қауіпсіздік кеңесінің отырысында коммуналдық қызмет тарифтерін заңсыз өсірген табиғи монополия субъектілерін жазалауды талап еткен болатын.

Мемлекет басшысы тексеру барысында энергия жеткізуші компаниялар тарапынан халыққа 14 млрд теңге сомасында шығын келгенін атап өтті. 15 млрд теңге сомасындағы энергиямен қамтамасыз ететін ұйымдардың заңсыз кірісі белгілі болды.

 

Соңғы жаңалықтар