Коммуналдық қызмет түбіртегінде тарифтердің қаншалықты арзандағаны көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең елорда тұрғындарына арзандатылған тарифпен есептелген түбіртек жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түбіртекте тарифтердің қаншалықты арзандағаны туралы мәліметтер көрсетіледі. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық тарифтер орта есеппен 10 процентке арзандаған болатын.

«Төмендетілген тарифтер бойынша түбіртектер Астана тұрғындарына күні ертең жеткізіледі. Әкімдікпен және табиғи монополиялар субъектілерімен бірлесе жүргізілген жұмыстар нәтижесінде түбіртекке коммуналдық қызмет тарифтерінің қаншалықты арзандағаны туралы қосымша мәліметтерді қосуды ұйғардық», - деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Болат Танабергенов әкімдікте өткен баспасөз қызметінде.

Әзірге жаңа тарифтермен есептелген қорытындылар тұрғындар үшін электронды форматта қолжетімді.

«Мәселен сумен жабдықтау тарифі қосыша құн салығын есептегенде, текше метріне 46,21 теңге болатын, жаңа тарифте бұл баға - 41,59 теңге. Шамамен 10% арзандаған. Су тарту бойынша тариф текше метр үшін 39,08 теңгеден 35,17 теңгеге төмендеді», - деп түсіндірді ол.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың қарашасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында коммуналдық қызметтерге тарифтерді заңсыз өсірген табиғи монополиялар субъектілерін жазалауды талап етті. Сонымен қатар, Президент Қазақстанда электр энергиясы құнын төмендетуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар