Коммуналдық қарызын төлемегендердің дүние-мүлкі тәркіленуде

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлықтардың коммуналдық қызметтерге қарызы көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қостанай жылу-энергетикалық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай жылу-энергетикалық компаниясының (ҚЖЭК) өкілдері облыс орталығы тұрғындарының жылу мен ыстық суға қарыздарының көбеюіне алаңдаулы. Компанияның есебінше, қазіргі уақытта қала тұрғындары жылу мен ыстық су үшін 600 миллион теңге қарыз. Монополистердің уәжіне құлақ асар болсақ, төлемдердің дер кезінде жүргізілмеуі компания жұмысына нұсқан келтіруде. Ал қарыздың қордалануы құбыр жөндеу, алдағы қысқа әзірлік науқанына кесірін тигізуі мүмкін.

Компанияның жұртшылықпен байланыс жөніндегі маманы Салтанат Қасенованың сөзінше, қарыз мөлшерін ҚЖЭК жеке сайтынан білуге болады және де бірқатар банктердің интернет қосымшалары арқылы төлем жасауға мүмкіндік бар.

«Қарыз күн сайын артып келеді. Біздің сайттың «Абоненттерге» бөлімінде жылу және ыстық суға төленбеген соманы білу мүмкіндігі қарастырылған. Сайттағы ақпарат күндізгі сағат 11.00-де жаңартылады. Абоненттер деректер базасына мекенжайы жөніндегі ақпаратты енгізу арқылы қарызын біле алады. Бұрынғыдай ҚЖЭК кезекші бөліміне қоңырау шалып, уақыт жоғалтпайсыз», - деді Салтанат Қасенова.

Жылу маусымын қарызсыз, ойдағыдай аяқтауға талпынған компания өкілдері борышкерлермен жұмысты барынша жандандыруды жөн көрген. Атап айтқанда, компания қызметкерлері борышкерлердің пәтерлерін аралап, ескерту парақтарын таратуда. Ал оны пысқырмағандармен күресуге сот орындаушылары жұмылдырылған. Жеке сот орындаушылары борышкерлердің дүние-мүліктерін бұғаттап, борышкерлердің өздерін шекарадан аттап баспайтындай етіп шектеу қойып жатыр. Кейбірінің мүліктерін сот шешіміне сай тәркілеп, компанияның кәдесіне жаратуда.

Соңғы жаңалықтар