Коммуналдық қалдықтарды шығаратын компаниялар қызметін бақылау күшейтілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коммуналдық қалдықтарды шығарумен айналысатын компаниялар қызметін бақылауға алу керек. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зұлфыһар Жолдасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазіргі уақытта қалдықтарды шығарумен айналысатын кәсіпорындардың қызметі лицензияланбайды. Сондықтан қалдықтарды жою, тасымалдау және қайта өңдеуге жұмылдырылған кәсіпорындарды реттеудің белгілі бір тетіктерін ұсынамыз", - деді комитет төрағасының орынбасары елордада өткен "Экологиялық заңнаманы реформалау - қазіргі ахуалы мен болашағы" тақырыбындағы пікірталас алаңында.

Осы орайда министрлік өкілі аталған компаниялардың кейбірі қалдықтар мен қоқыстарды белгісіз бағытқа тасымалдайтындығы белгілі екендігін айтты.

"Қазіргі уақытта үлкен компаниялардың өз қалдықтарын белгісіз компанияларға беретіндігі, бұл ретте оларға ешқандай жауапкершілік жүктелмейтіндігіне қатысты көптеген фактілер бар. Содан кейін ол компанияларды қалдықты қайта өңдеуге не рұқсаты, не мүмкіншілігі жоқ екенін анықтап жатамыз. Бұл тізбекті қадағалап отыру өте күрделі. Мұндай жайт қазіргі уақытта коммуналдық қалдықтарға да байланысты. Қалдықтарды орталық полигоннан бөлек белгісіз бағытқа таситын жүздеген кәсіпорындар бар. Біз бұл бағытта бақылауды, жауапкершілікті күшейту қажет деп санаймыз", - деді З.Жолдасов.

Айта кетейік, "Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ ұйымдастырған шарада еліміздің жаңа Экологиялық кодексінің жобасы талқыланды.

Соңғы жаңалықтар