Коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуда оңтайлы нәтиже бар

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Зарина Ботбаева 2015 жылдан бастап іске асырылған тарифтік саясатты түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Озық халықаралық тәжірибе негізінде 2015 жылдан бастап, Қазақстанда 5 және адан артық мерзімдегі шекті ұзақмерзімді тарифтердің жаңа тарифтік саясаты енгізілді. Бұл өз кезегінде  Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы инвесторларға инвестициялау көкжиегін анықтауға, кәсіпкерлерге өз қызметіндегі тарифтерге арналған шығындарды болжауға және ТКШ инфрақұрылымының тозуының өсімін тоқтатуға мүмкіндік берді. Жалпы, 2015 жылы коммуналдық инфрақұрылымның тозуының орташа деңгейі 66 пайыздан асты. Жаңа тарифтік саясатты іске асыру аясында тозу деңгейі өсуін тоқтатты, яғни бұл бағытта оңтайлы нәтиже байқала бастады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша инфрақұрылымның тозу деңгейі 64,9 пайызды құрады», - деп тоқталды ол.

З. Ботбаеваның атап өтуінше, 2015-2021 жылдары ТКШ саласына салынатын инвестициялар көлемі 1,3 трлн. теңгені құрайды деп күтілуде.

Атап айтқанда, 2018 жылы табиғи монополиялар субъектілері (ТМС) қызметтеріне тарифтерді өзгерту 2015 жылдан бастап бекітілген ұзақмерзімді шекті тарифтер аясында жүзеге асады. Бұл тұрғыда инфляцияға жиынтық үлес ескеріледі. 2018 жылға инфляцияға жоспарлы үлес 1,1 пайызды құрады.   

«Сонымен бірге, еліміздің қолданыстағы заңнамасында табиғи монополиялар субъектілері қызметтеріне тарифтерді арттыруға мораторий енгізу көзделмеген», - деп нақтылады комитет өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, табиғи монополиялар субъектілері қызметтеріне тарифтерді арттыруға мораторий енгізу ТМС-тің қаржылық жағдайын төмендетуге және оның қызметін шығындылыққа әкелуі мүмкін. Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарламалардың іске асырылуына қауіп төндіріп, инфрақұрылымның  тозу деңгейін арттырады.

«Мораторий салдары реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігіне теріс ықпал етуі мүмкін, сондай-ақ мораторий аяқталған соң, тарифтердің күрт өсуіне алып келеді», - деді Зарина Ботбаева.

Соңғы жаңалықтар