Комитет Қызылорда-Жезқазған жолындағы құрылыс жұмыстарына түсінік берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлытау облысы бойынша жол учаскелерінде мердігерлік ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту жобасы екі негізгі бөліктен тұрады. Ұзындығы 218 шақырым болатын Қызылорда облысының аумағы бойынша өтетін учаскеде құрылыс-монтаждау жұмыстары 2022 жылы басталған», - деді Амангелді Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған учаскелерде құрылыс жұмыстарын бес мердігер ұйым атқарып жатыр. Жалпы, қазіргі кезде тегістеу, жолдың негіз қабаттарын салу сияқты жұмыстар атқарылды. Осы учаскелердегі жұмыстарды аяқтау 2024 жылға жоспарланған.

«Сонымен қатар, Ұлытау облысы бойынша жол учаскелерінде мердігерлік ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Биыл екінші жартыжылдықта мердігер ұйымдар белгілі болады. Осы орайда жолдағы құрлыс жұмыстары басталады», - деді комитет өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға және жергілікті желі бойынша 87 пайызға дейін жеткізілмек.

Жыл аяғына дейін «Орталық – Оңтүстік» дәлізі бойынша жол учаскелері ашылады.


Соңғы жаңалықтар