Комитет «Bek Air» сертификаттары неліктен уақытша тоқтатылғанын түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті «Bek Air» әуе компаниясының уәжіне жауап берді. Аталмыш әуе компания өзіне тиесілі «пайдаланушы сертификатын және ұшуға жарамдылығы сертификаттарын заңсыз тоқтатты» деп өтініш берген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитеттің хабарлауынша, 2020 жылдың 3 ақпанында Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының қаулысы шыққан. Оған сәйкес «Bek Air» әуе компаниясының Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне қарсы пайдаланушы сертификатын және ұшуға жарамдылығы сертификаттарын тоқтату туралы шешімінің күшін жою туралы өтініші бойынша сот ісі тоқтатылған. Сот барысында Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің сарапшылары Алматы қаласындағы әуе апатынан кейін әуе компаниясына жүргізілген жоспардан тыс тексерудің аралық қорытындыларын ұсынған.

«Жоспардан тыс тексерудің аралық актісінде ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиациялық қызмет туралы заңнама талаптарының айтарлықтай бұзушылықтары көрсетілді. Аралық актіде көрсетілген бұзушылықтар пайдаланушы сертификатын тоқтата тұруға негіз болады», - делінген сот қаулысында.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі пайдаланушы сертификаты қолданысының тоқтатылуына «Фоккер-100» ұшағының апатқа ұшырауы себеп болғанын хабарлады. Бұл туралы 2019 жылғы 27 желтоқсанда ұшақ апатынан кейін «Bek Air» АҚ-қа жіберілген тікелей радиограммада да көрсетілген. Шешім «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңға сәйкес қабылданған. Онда сертификат ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін заң талаптарын айтарлықтай бұзушылықтар анықталған жағдайда шектелетіні көрсетілген.

«Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» пайдаланушы сертификатының және ұшуға жарамдылығы сертификаттарының қолданысын тоқтатты. Бұл шешім әуе компаниясында кейінгі үш жыл ішінде екі ірі оқыс оқиғаның орын алғандығына негізделіп отыр. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында жиналған ұшу сағаттарының санына сүйене отырып, қауіпсіздікпен байланысты мәселелердің жиілігі – әуетасымалдаушы үшін қауіпсіздіктің рұқсат етілген деңгейінен едәуір жоғары болды. Сертификаттардың қолданылуын тоқтата тұру нәтижесінде «Bek Air» әуе компаниясының қолданыстағы пайдаланушы сертификатын мұқият тексеру жұмыстары басталды. Тексеру барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі бұрын хабарлаған еді», - деп мәлім етті комитеттен.

Сондай-ақ, тексеру әуе компанияның әуе кемелеріне жөндеу жүргізілген «Bek Air»-дің техникалық орталығын қамтыған. Нәтижесінде бірінші деңгейдегі елеулі бұзушылықтар анықталып, соның негізінде авиациялық техникасына қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымның сертификаты ескертулерді жойғанға дейін тоқтатылған.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Bek Air» АҚ қызметіне қатысты 2019 жылдың 27 ақпанына дейін жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижелерін әуе компаниясына жібереді. Хатты алғаннан кейін әуе компаниясы 10 күн ішінде әкімшілікке барлық кемшілікті жою бойынша түзету іс-қимылдарының жоспарын ұсынуы тиіс. Егер бұзушылықтар 6 ай ішінде жойылмаса, пайдаланушы сертификаты мен ұшуға жарамдылық сертификаттары кері қайтарылады», - деп ескертті комитеттен.


Соңғы жаңалықтар