Комиссия: Bek Air-дің тағы бірнеше ұшағы мұзға қарсы арнайы сұйықтықпен өңделмеген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр 27 желтоқсанда апатқа ұшыраған әуе кемесімен бөлек, Bek Air-дің тағы бірнеше ұшағы арнайы сұйықтықпен өңделмегенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«27 желтоқсанда сағат 00.01-ден 07.00-ге дейін Алматы әуежайында бес әуе кемесі өңделіп, тағы бесеуі өңделмеген (мұздың қатуына қарсы сұйықтықпен)», - деді Роман Скляр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, оның айтуынша, 27 желтоқсанда Алматы-Атырау бағдары бойынша сағат таңғы 05.30-да ұшып шыққан «Bek Air» әуе компаниясының ұшағы да мұздың қатуына қарсы сұйықтықпен өңделмеген. Комиссия бұл мәселені назарға алмақ.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр BekAir ұшағының апатқа ұшырау себебінің басты нұсқасын атаған болатын.

«Әуе кемесін мұздың басуына қарсы сұйықтықпен өңдеу жұмысы ішінара жүргізілген. Әуе кемесі командирінің шешімі бойынша, тек стабилизаторды өңдеу туралы шешім қабылданған. Бірінші санаттағы мұздың басуына қарсы сұйықтықпен ұшақ қанаттары да өңделу тиіс», - деді Роман Скляр.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Бекэйр компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ұшақ апатының себептерін тергеу бойынша Үкіметтік комиссияның отырысы өткізілген еді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия жіберілді.


Соңғы жаңалықтар