Көмірмен отырған мектептер мен дүкендерге айыппұл салғанымыз дұрыс емес - сенатор

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінде Париж келісімін ратификациялау мәселесі қаралды.

Жаһандық климаттың өзгеруі аясында атмосфераға шығарылатын көмірсутек қалдықтарын барынша азайтуды көздейтін келісімге қатысты бірде-бір сұрақ туындаған жоқ. Алайда сенатор Жеңіс Нұрғалиев осы мәселеге қатысты маңызды бір проблеманы көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың өзі Париж келісімінде көрсетілген барлық мәселелерді қолдап отыр. Алайда соның барлығы жергілікті жерге дейін жетуі керек деп санайды. Отандық заңнаманың бір-біріне қайшы тұстарын да алып тастау қажет.

«Бізде ауыл шаруашылығы саласында қиды өндірумен айналысатын шаруаларға салық салады. Меніңше, ол дұрыс емес. Сосын біз атмосфераға шығарылатын қалдықтарға шектеу қоямыз деп отырмыз. Ал жергілікті жердегі мектептердің түгелі дерлік көмірді жағып жатыр. Ауаға СО2-нің біраз мөлшері шығарылады. Сол үшін жаза қолданамыз деп отырмыз. Демек, тағы бір тексеріске жол ашылады. Көмірді жағып отырған қаншама дүкендер бар. Енді, олар да айыппұл төлейтін болады. Осыны кеңінен түсіндіріп беруіміз керек. Қазіргі бастама бизнеске кері әсерін тигізбеуі тиіс», - деді Ж.Нұрғалиев.

Осы орайда сенатор Париж келісімінде көрсетілген міндеттемелердің заңды күші жоқ екенін тағы бір мәрте ескертті. Бұл дегеніміз,бәріне жаппай айыппұл салынбайды. Дегенмен, халық арасында аталған бастаманы жан-жақты түсіндірсе, ауаға шығарылатын көмірсутек қалдықтарын өркениетті жолмен азайтуға да болады.

Айта кетейік, комитеттің кеңейтілген мәжілісінде барлық депутаттар Париж келісімін Сенаттың жалпы отырысына шығаруды қолдады. Бұған дейін аталған құжатты Мәжіліс депутаттары қолдап, өз әріптестері - сенаторлардың қарауына жіберген болатын.  

Соңғы жаңалықтар