Көмірге бай Екібастұздың жылусыз қалуы тарифтік саясатпен байланысты - Серік Жұманғарин

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин көмірге бай Екібастұз халқының неге жылусыз отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің ойымша, бұл әлеуметтік бағыттағы тарифтік саясаттың басым болуына байланысты. Жүктеме негізінен бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғаларға жүктелді. Тарифті саралау осылай жүргізілді, сондықтан өткен жылы тариф есебінен Екібастұзда 420 км желінің 619 метрін ғана жөндеуге мүмкіндік туды. Бұл 0,01% көрсеткіш ғана. Ертелі-кеш мұндай тарифтік саясаттың салдары байқалады. Өйткені мұндай нысандарды ұстау қымбат», - деді Серік Жұманғарин.

Спикер ел басшылығының апатқа дейін де бұл мәселеге назар аударғанын жеткізді. Тарифтік саясатқа жаңа тәсілдерді әзірлеу жұмыстары аяқталып қалды.

Оның айтуынша, Екібастұздағы жылу желілерінің ұзындығы 420 км жетеді, оның 322 шақырымы «Орталық Азия энергетикалық корпорациясы» АҚ (ОАЭК) тиесілі. Апат ОАЭК желілерінде болған.

Бүгінгі күні Екібастұздың 6, 5а және 5б шағынаудандарында жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Апатты жою жөніндегі штаб басшысы – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың хабарлауынша, 6 желтоқсан күні сағат 08.00-дегі жағдай бойынша кіреберістерді жылуға қосу жұмыстары 4 үйде жүргізілуде. Бұл жұмыстарды бүгін аяқтау жоспарланған. Зардап шеккен нысандарға бекітілген кәсіпорындар тәулік бойы инженерлік коммуникацияларды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр.


Соңғы жаңалықтар