Көмірді тасымалдауға 9 мыңға жуық вагон бөлінді - министр Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аймақтарына көмірді жеткізу үшін 9 мыңға жуық вагон бөлінді. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік басқа да мемлекеттік органдармен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, коммуналдық-тұрмыстық нысандар мен халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап келеді. Биыл өткен жылға қарағанда көмір өндіру көлемі артты. Сондай-ақ, өңірлерге көмір жеткізу мәселесі де шешілген. Шұғыл деректер бойынша, бүгінгі күні Қазақстанның көмір өндіретін компаниялары жыл басынан бері түрлі сорттағы 74,9 млн тонна көмір өндірген. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға (3,1 млн тонна) артық», - деп жазды министр.

Оның айтуынша, көмір өндіруші кәсіпорындардың қоймаларындағы қорды есептегенде жыл басынан бері 71,84 млн тонна көмір тиеліп, жөнелтілген. Энергетиктерге 40 млн тоннаға жуық, ал коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 7,5 млн тонна көмір жеткізілген. Жылу беру маусымына дайындық басталғалы бері, нақты айтқанда, 1 мамыр мен 16 қыркүйек аралығында теміржол көлігімен 25,4 млн  тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылғыдан 1,3 млн тонаға немесе 5,6 пайызға артық.

«Бүгінгі таңда көмір тасымалдауға 29 мың вагон жұмылдырылып отыр. Соның ішінде коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалы үшін 9 мыңға жуық вагон бөлінген. Бұл түскен тапсырыс көлемін тасымалдауды толық қаматамасыз етеді.  Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, көмірді дайындау және өткізу пункттерінің инфрақұрылымдық жағдайына, жеткізу кестелеріне, сатылатын көмірдің бағасы мен сапасына профилактикалық бақылау жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақмола облысына 640 тонна, Шығыс Қазақстан облысына 899 мың тонна, Қостанай облысына 438,5 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысына 383 мың тонна, Астанаға 76,8 мың тонна көмір жеткізілді», - дейді Жеңіс Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар