Көмірден сұйық және газ тәрізді отын алуға ден қою керек - комитет

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көмірден сұйық және газ тәрізді отын алуға ден қою керек. Бұл туралы ІІІ Көмір өнеркәсібі форумында Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік үшін көмір саласындағы әлеуметтік серіктестік басымдық саналады. Министрлік жанынан әлеуметтік серіктестік жөніндегі тұрақты салалық комиссия жұмыс істейді. Онда көмір саласы кәсіпорындарының проблемалары, сонымен қатар компаниялардың қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және өндірісте жарақаттануды төмендету бойынша оң тәжірибесі, әлеуметтік жобалар, кадр мәселесі және басқа да жайттар қаралады», - деді Тұрар Жолмағамбетов.

Оның атап өтуінше, еліміз таңдап алған көміртек бейтараптығы бағдары Қазақстанда көмірді терең кешенді қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыруға түрткі болады.

«Сонымен қатар көмір химиясы саласының дамуына септігін тигізіп, Қазақстанның көмір әлеуетін барынша тиімді пайдалануға жол ашады. Экологияны жақсарту арқылы көмірдің рөлін де арттыра түседі. Осы ретте даму стратегиясын (Көмір өнеркәсібін дамыту стратегиясы) көмірден сұйық және газ тәрізді отын алуға қарай қайта қарау керек», - деді комитет төрағасының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар