Көмір бағасын қолдан өсірушілермен кім күреседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көмір бағасын қолдан өсірушілерге биыл қандай тосқауыл қойылады? Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен брифингте БАҚ өкілдері тарапынан осындай сауал қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтырғы маусымда елорданы жылытуға 420 мың тонна көмір кеткен. Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов оның 20 пайызын қалаға жақын жатқан Қарағанды және Ақмола облысының елді мекендері тұтынғанын мәлім етті.

«Біз жыл сайын көмірді ертерек сатып алу керектігін айтамыз. Бірақ жылыту маусымына дайындық мектепке дайындықпен қабаттасып келеді. Сондықтан, тұрғындардың көбі балаларын оқу жылына дайындаумен әуре болып жатады. Бұл жылда қайталанатын құбылыс. Көмір сатып алу қыркүйек айынан кейін ғана қызады. Мұны жеткізушілер де біліп алған. Ол кезде кен орындарынан көмір көптеп әкелінеді», - дейді әкімдік өкілі.

Ербол Төлеуов көмір бағасы алып-сатарлықтың кесірінен құбылатынын мойындады.

«Өкінішке орай, ондай мәселе бар. Оның туындағанына біраз уақыт болды. Алып-сатарлармен күрес қалалық ішкі істер департаментіне жүктелген. Өйткені, біз алып-сатумен айналысатындарды бақылай алмаймыз. Біз ірі сатушыларды ғана бақылап отырмыз. Өз көлігімен сатып алып, қаланың шетіне барып көмірдің бір тоннасын 18 мыңнан сатып жүргендер бар. Бұл іс ішкі істер департаментіне жүктелген. Сондай-ақ, қаланың аудандық әкімдіктері реттеуге міндетті», - деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, әлеуметтің әлсіз топтарына жылыту маусымына көмек ретінде 20200 теңге көлемінде бір реттік өтемақы берілмек.

«Өтемақы сомасы – 20200 теңге. Бұл сома жылыту маусымында бір рет төленеді. Аталмыш көмекке өтінім беру үшін Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгіну қажет. Ондай көмектің кімге берілетінін, кімге қарастырылмағанын да сол жерден білу қажет», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар