Көмір бағасы қымбаттамайды - Алматы әкімдігі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық кәсіпкерлік пен индустриялық-инновациялық даму басқармасының  мамандары көмір бағасының қымбаттамайтынын айтып сендірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір қаладағы көмір қоры 120 мың тонна деп бағаланып отыр. Басқарма мамандарының айтуынша, бұл жылдық тұтыну көрсеткішінен екі есе артық. Бүгінде көмір 9  базада сатылып жатыр. Бір  тоннаны 12-16  мың теңгеге сатып алуға болады. Түрксіб ауданындағы базаға бүгін 3  вагон - 210 тонна көмір жеткізілді.

Алматы тұрғындары арасында көмірге сұраныс өте жоғары. Отын көп жатпайды, тез сатылып кетеді. Өйткені, қалада 5 мың жекеменшік үйге көгілдір отын кіргізілмеген. Басқарманың мәліметінше, оның 85%-ы көмірмен қамтылып үлгерді.

Алматылықтар жылыту маусымында орта есеппен 50  мың тонна көмір жағады.

«Өткен жылмен салыстырғанда биыл 100 мың тоннаның 70 мыңы қаладағы базаларға жеткізіліп үлгерді. Қазан-қараша айларында тағы 40 мың тонна көмір жеткізіледі. Көмір бағасы өзгермейді, себебі біз көмір базаларымен келісімге отырғанбыз», - деді қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Ерлан Омаров.

Соңғы жаңалықтар