Комикс авторлары елордада өтетін Орталық Азия фестивалінде бас қосады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 31 мамыр мен 2 маусым аралығында елордада Comic Con халықаралық фестиваль-көрмесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда инфоға сілтеме жасап.

Комикс жанкүйерлері мен киносүйерлердің, бейне-ойындар мен мультфильмге әуес жандардың арасында кеңінен танымал Comic Con фестивалі өз бастауын АҚШ-тан алады.

Әлемнің әр түкпірінде өтіп тұратын бұл фастиваль комикс авторлары мен жанкүйерлерінің дәстүрлі басқосуына айналып үлгерген. Осындай басқосуды Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қарасты «Astana Convention Bureau» ЖШС Балалардың құқықтарын қорғау күніне орай өткізбекші. Оған еліміздің өзге өңірлерінен, алыс және жақын шетелдерден 70 мың қонақ қатысады деп жоспарлануда.

Фестивальдің әр қилы әрі мазмұнды бағдарламасында арнайы көрсетілімдер мен костюмдік ойындар, халықаралық студиялар мен компаниялардың таныстырылымдары бар. Шара қонақтары комикс әлеміндегі биылғы жылдың негізгі премьераларын тамашалап, супер қаһармандардың образына еніп, сүйікті әртістерімен суретке түсетін болады.

Астанада өтетін фестивальге қатысуға Disney, Marvel, World of Tanks ойынымен танымал Wargaming, Turner (Cartoon Network), HBO (Home Box Office Int., Warner Bros. Entertaiment) сияқты әлемдік брендтер ниет танытып отыр.

Шараны ұйымдастырушылар конкурс нәтижесі бойынша авторларға өз жұмыстарын фестиваль алаңында ақысыз негізде көрсетуге мүмкіндік бермек.

«Фестивальге Қазақстанның кез келген түкпірінде тұратын шығармашыл адамдар мен ұжымдарды шақырамыз. Иллюстратор-суретшілер, сценаристер мен комикс авторлары, баспалар мен косплейге әуес адамдардың барлығы фестиваль алаңында өз өнімдерін паш ете алады. Ол үшін портфолио мен мульткеңістікте сомдалатын образ туралы ілеспе хат жіберсе жеткілікті» - дейді «Astana Convention Bureau» ЖШС-нің қарасты Astana Events департаментінің бас менеджері Бексұлтан Әбдрахменов.

Фестиваль Нұр-Сұлтан қаласының Конгресс орталығында өтеді.

Соңғы жаңалықтар