«Комик-кон» - жастар өнерінің креативі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел астанасы Нұр - Сұлтанда «Комик - кон» халықаралық көрмесінің өтіп жатқанын Европада оқып жүрген баламыздан естідік. Университеттегі достары АҚШ пен Еуропа елдеріндегі жастар арасында қызығушылық туғызып, Amazon - ComiXology платформасында - 1,99 долларға сатылып жатқан қазақ батыры туралы комиксты біледі екен.

Елордадағы сол Конгресс-Центрде өткен «Astana Comic Con» гик-фестиваліне үш күнде 53 мың комикс фанаттары барыпты. Негізі жастар мен жасөспірімдер.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет. Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн», -деп атап көрсеткен.

Біз көрген комикс көрмесі де ойдың жалғасы іспеттес. Екі жыл сайын «Комик - кон» халықаралық көрмесі ұйымдастырылып отырады. Сол көрмеде әлемдік ойын - сауық индустриясының екі жылдық жоспары жасалады. Дүниежүзінде ең танымал болған фильмдер мен сериалдар, әлбетте комикстардың даму бағыты туралы әйгілі мамандардың қатысуымен конференциялар өтеді.

Біз де әлем жастары тани бастаған, қазақ комиксін халықаралық стандарт деңгейінде креативті потенциалмен дайындаған қазақтың екі балсын әңгімеге тартық. Екеуі мектептен дос екен. Екеуінің де жасы жиырма бесте. Ендігі әңгімені осы істің рухани бастамашысы, өзі суретші, өзі сценарист Мәдибек Мұсабеков пен «Tengri Comics» арт-директоры Бекзат Мырзахметов айтсын.

Мәдибек Мұсабеков:

Балалық шақтан Marvel кейіпкерлерінен кем түспейтін қазақи комикстерді салуды армандадым. Үйімізде қазақ фольклоры туралы кітаптар көп болды. Ертегі бар, бүгінгі өмір бар екеуін үйлестіріп «Ермек батыр» деген тақырыпта комикстер салдым. Бұл өте ауқымды туынды. Қазірдің өзінде 1000 беттен асты. Әлі де жетілдіруім керек. Тағы да Ермек батыр басынан кешкен хикаяларды сурет тілімен сөйлетуім керек.

Бұл комикстердің жанры - тарихи фэнтези. Халқымыздың өткен жолы мен бүгінгі бастан кешіп отырған кезең қатар-қатар кезекпен көрсетіледі. Хикаят бастауын Қазақ хандығы құрылған XV ғасырдан тарқаттым. Меніңше ел тарихы жасөспірімдердің ерекше қызығушылығын тудырады. Жастар тарапынан өткен тарихқа қызуғышылықты оятады. Өзім араласатын жастар, маған хабарласатындар ұлттық нақыштағы комикстерді көптеп салуды сұрайды. Өздері де ой-тілектерімен бөліседі.null

Қазір салып жүрген комикстерім кейін киноиндустрия саласында жүзеге асады деген үмітім бар. Сондықтан да кейіпкерлерімнің түс-әлпетін көркем образда бейнелеуге ұмтыламын. Менің комикстерім бойынша кино не сериалдар түсірілсе, рольдерді ойнайтын актерлер комикстегі суреттерге ұқсас болып, бейнелері жатық келуі тиіс. Бүгінде әлемдік экрандарда ерекше табысқа қол жеткізген әйгілі фильмдер осы комикстер желісі бойынша түсірілген кинолар. Балалар оны балабақшадан біліп өседі. Жасөспірімдер болса мектепте танысады. Кейін естерінде қалған бақытты балалық шақтың ғажап сәттерін үлкен экранда кинодан тамашалайды. Кейінгі жылдары алдыңғы қатарлы кинобизнес осылайша дамуда. Голливуд менеджерлері мұны ғылыми негізде зерттеп, сол зерделеудің қорытындысында миллардтаған табысқа әкелетін танымал фильмдер көптеп түсірілуде. Және де көрермендер тарапынан сұраныс көбейген сайын фантазиялық образдарға толы комикстер таусылмай, жылдан - жылға жалғаса береді. Әзірге қазақ киносы бұл бағытқа бет бұрған жоқ. Сондықтан да біз бағымыз бен бақытымызды Америка Құрама Штаттарынан іздеуді таңдадық. Басқа амалымыз да жоқ.

Менің комикстерім толықтай қазақ тақырыбына арналған. Жаным түсінетін, ішіммен сезетін дүние. Алғашында ермек секілді көрінген. Енді бұл менің таңдауым, ғұмырлық кәсібім дегім келеді. Менен кейін де жастар комикске ден қойды. Талантты буын өсіп келеді. Өкінішке қарай, мемлекеттік мекемелер тарапынан қолғабыс пен көмекті байқап жатқанымыз жоқ. Бәлкім, "ОСКАР" немесе жоғары деңгейдегі сыйлық марапатты алып жатсақ биліктегілер атақ пен қаржысын алып шығар. Біздің еліміздің мәдениет саласында бұл қалыптасқан дәстүрге айнала бастады ғой. Дарынға керек кезде қолғабыс көрсетіп, демеу мүлдем жоқ. Тек жарты әлемді мойындатып шықсан, елге оралғанда министр бастап әуежайдан қарсы алады. Сосын бұл жеңісте біздің де зор үлесіміз бар деп бар жерде ұрандатып жүреді.

Ел астанасы Нұр - Сұлтанда "Комик - кон" халықаралық көрмесіне де өзіміз келдік. «Золотой Воин» және «Золотой воин Томирис» деген екі комикс кітабымызды әкелдік. Отыз мың данамен шығардық. Барлыған осы астанадағы көрмеде тегін тараттық. Көп қонақтарға жетпей қалды. Оны да өзіміздің тапқан қаражатымызға шығардық. Білу үшін, басқа елдердегі әріптестеріміз жасап жатқан дүниелермен танысу үшін қай құрлықта қандай көрме ұйымдастырылса, сонда міндетті түрде барамыз. Өзімізді таныстырамыз, инвесторлар іздейміз. Осылайша қазақ руханиятын жер жүзіне паш етіуге шапқылап жүрміз. Отызымызда орда бұзармыз деген үміттеміз.

Бекзат Мырзахметов:

2016 жылдың соңында Қазақстанға арнап Marvel комикстерін шығаратын Salben Comics баспа үйімен келіссөз жүргіздік. Екі кітабымыз жарияланды. Бірақ үмітіміз ақталмады. Жоспарымыз орындалмады. Оқырмандарымыз мақтады. Сыншылыр қолдап рецензия жазды. Бірақ кітаптарымызға сұраныс орташа деңгейде қалды. Классик жазушыларымыздың көркем шығармалары екі-үш мың данамен шықса да өтпей жататынын білесіз. Біздің де комикстеріміз сондай жағдайға тап боларын сездік. Өйткені кітап бизнесінде жас авторларға арнайы қолдау көрмедік. Таныстарым бар, өздерінің қаржысына кітап шығарады, өздері сатады. Ал, елдегі ірі баспалар болса мемлекеттік тапсырыспен Үкіметтің қаржысына оқулықтар дайындауды негізгі кәсіптеріне айналдырды. Осыны көріп, басымыздан кітап шығарудағы сәтсіздікті өткізген соң ойландық. Тығырықтан шығар жол іздедік.null

Ойланып -толғанып, бар жауапкершілікті өз мойнымызға алдық. 3,5 млн теңге қаржы тауып өзіміздің стартап жобамыз деп «Tengri Comics» баспамызды аштық. Бірінші ағылшын тілді нарыққа жол ашуды мақсат еттік. АҚШ кітап саудасы тәртібін жарты жыл сараладым. Бүткіл құжаттарын оқыдым. «Әр қазақ - менің жалғызым» деген мәтел маған ерекше ұнайды. Лос-Анджелесте оқып, қазір Голливудте режиссер атанған, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енгенАйди Айдарбековтың қолғабысын ерекше сезіндік. Ермек Батыр туралы комикс серияларының алғашқы бөлімі дайын болғанда Amazon платформасына ұсындық.

АҚШ стандартарына сәйкес тұп - тұра үш ай Amazon талаптарының аттестациясынан өттік. Өте қиын өткел. Сүрінбей өттік. 2018 жылдың 24 қаңтары біз үшін ерекше күн. Ағылшын тіліндегі «Ermek the Batyr» сериясын ComiXology жариялады. Оларға дайындайтын әрбір контентіміз 12 бөлімнен тұрады. Әр бөлім30 бетті құрайды. «Ermek The Batyr» комикс -хикаятының бірінші томы осындай. Amazonмен жасасқан шартымыз бойынша «Tengri Comics» баспасы ай сайын бір серия дайындауы тиіс.

Сақ патшайымы Томирис ханшайым Парсы патшасы Кирмен арасындағы аңызға негізделген «Золотой воин» комикс жобамыз да дайын. Келешегіміз жарқын болды деген сенімдеміз. Біздің мифтік қазынамыздың қайнары тереңде. Әлем естісе қайран қалар ғаламат дүниелеріміз жеткілікті. Рухымызды жаңғыртар шығармалар жазуды көздеудеміз. Біз жастар тарихымызды дүниежүзіне танытып, жаңғырту парызымыз. Шынын айтқанда осының барлығын өзіміз жасап жатырмыз. Қол ұшын созған Үкіметтік мәдениет мекемелері жоқ. Төрткүл дүние кең. Іздене берсеңіз нәтижеге шығасыз. Идеяларымызға қаржы табу үшін Kickstarter краудфандинг платформасымен іскерлік байланысты жолға қойдық. Үлкен әлемнен өзімізге тиесілі несібені тауып отырмыз.

Мәдибек, Бекзат оттай жанған ойлы әңгімелеріңізге рахмет. Қазақта «таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер»,- деген мәтел бар. Ол ежелгі сөз. Сіздердің таудай талаптарыңыз талантты қазақ жастарына ерекше рух беруде. Жүре берсеңіздер, көре берсеңіздер Бақ та іздегенге жолығады. Ақ жол, бауырларым.

Соңғы жаңалықтар