Коменданттық сағат: Ақтөбеде 149 адам әкімшілік жауапқа тартылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Өткен түні коменданттық сағат тәртібін бұзған 169 адам полиция бөлімдеріне жеткізілді. Оның 149-ы әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы аумағында құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Облыстағы жағдай полицияның толық бақылауына алынды.

«Өткен түні коменданттық сағатты бұзғаны үшін полиция бөлімдеріне 169 азамат жеткізілді, оның 149-ы әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар қазіргі уақытта 3 адам қамауға алынып, 4 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қарастырылып жатыр. Сотқа дейін тергеу жалғасады»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Ақтөбе облысында 10 блокбекет бар. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында орналасқан. Блокбекеттерде полиция қызметкерлері мен әскерилер қызмет атқарып тұр. Олар облыс және аудан орталықтарынан кіру-шығу кезінде автокөліктердің салонын, жүргізушілер мен жолаушылардың төлқұжатын тексеріп жатыр. Ақтөбе облысының комендатурасы коменданттық сағаттың уақытын кеше сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін өзгертті.


Соңғы жаңалықтар