Қомақты қаражат халқымызға пайда бермейтін кейбір жобаларға жұмсалды - Ерлан Саиров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкіметтің алдындағы ең негізгі мақсат – Президенттің тапсырмаларын нақты және уақытында орындау. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен жиында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде өте күрделі жағдайлар болды, бірақ еліміз Қазақстанның ең негізгі құндылығы мемлекеттің тұтастығы екенін, Қазақстанның мемлекеттілігі үшін әрқайсымыз жауапты екенімізді сезіндік. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу үшін, біздің мемлекеттілігіміздің іргетасын нығайту үшін маңызды қадамдарға барды. 5 қаңтар күні Қазақстан Президенті қандай жағдай болса да елордада болатынын, халықпен бірге болу Конституциялық міндеті екенін мәлімдеді. Менің ойымша, осы мәлімдемеден кейін Қазақстан халқы мемлекеттілік үшін, біздің еліміздің аумақтық тұтастығы үшін әрқайсы саналы әрі дұрыс шешім қабылдады», - деді Е. Саиров.

Оның айтуынша, халқымыздың даналығы, қоғамның санасы және Қазақстан Президентінің нақты әрі ашық ұстанымы елдігімізді, мемлекеттігімізді сақтап қалуға алғышарт жасады.

«Сонымен бірге, екі күн бұрын Мемлекет басшысы Парламенттің алдында еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси процестер жөнінде өзінің үндеуін жариялады. Сол үндеуде елімізде жүйелі әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың болатынын айқындап берді. Әлеуметтік проблемалар көп, оны барлығымыз жақсы білеміз. Президент әлеуметтік теңдік және еліміздегі кедейлікті жою мәселесін өте жоғары мінберден айтты. Барлығымызға белгілі, территориялық дамуда үлкен үйлеспеушілік бар. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше тоқталып өтті», - деді Е. Саиров.

Оның пайымынша, 30 жылда елеулі қаражат халқымызға материалдық пайда бермейтін кейбір үлкен жобаларға жұмсалды. Мұның нәтижесінде өңірлер, аудандар, ауылдар, шекаралық аймақтарда демографиялық әрі әлеуметтік мәселе ушығып кетті.

«Елімізде қордаланған әлеуметтік-экономикалық, саяси проблемалардың барлығынан шығудың жолын Қасым-Жомарт Кемелұлы айқындап берді. Енді Үкіметтің алдындағы ең негізгі мақсат – Президенттің тапсырмаларын нақты және уақытында орындау», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар