Қолжетімді баспана бағдарламасын орындамаған әкім орынбасары қызметінен кетеді

None
None
АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын орындамаған әкім орынбасарын қызметінен босату ұсынылады.

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары - Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев осылай мәлім етті. Еске салсақ, Мәжілісте ҚР Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2012 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланған болатын.

Талқылау барысында депутат Владислав Косарев көптеген қазақстандықтар үшін баспана мәселесі аса өзекті екенін айта келе, бюджеттен тұрғын үй салуға қажетті қаражат бөлінгенін, алайда оның бір бөлігі игерілмей жатқанын алға тартты. «Соған қарағанда, қолжетімді баспана Астана мен Алматы қалаларынан басқа өңірлерге керек емес тәрізді. Дәл осы қаржыны игермегені үшін қанша шенеунік жауапкершілікке тартылды? Жалпы бұндай маңызды бағыттағы қаржының дұрыс игерілуі қашан реттеледі?», - деді депутат В. Косарев.

Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары арнайы ұсыныс әзірленгенін айтып, алдағы уақытта жауапкершілікке қатысты мәселелер шешімін табатынын атап өтті. «Біз ұсыныс енгіздік, оны Премьер-Министр қолдады. Соған орай, жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Президент Әкімшілігінің жетекшісінің атына баспана бағдарламасын орындамағаны үшін жауапты облыс әкімдерінің орынбасарларын жұмыстан босату туралы ұсыныс жасайтын боламыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар