Қолына қару тигеннің бәрі қасқырға мықты – Сәкен Ділдахмет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі экобелсенді, табиғат жанашыры Сәкен Ділдахмет экология саласындағы ең өзекті мәселелер төңірегінде ойын айтты. Осы саланың сарапшысына айналған белсенді қазақ үшін тотемдік мәні бар қасқырдың азайып бара жатқанына алаңдаулы.

«Қазақстанда ауызсудан бөлек трансшекаралық өзендер мәселесі де өзекті тұр. Кейінгі жылдары Каспий мен Балқаш таязданып барады. Каспиге көрші елдерден ағып келуі керек су уақтылы түспей жатыр. Меніңше, 2035 жылға қарай үлкен экологиялық проблемаға тап келетін сияқтымыз. Каспийдің біз жақтағы бөлігі таязданып, Балқаш Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін», - дейді экобелсенді.

Оның сөзінше, Қазақстанда ауыз су қоры соншалықты көп емес.

«Тұтынып жүрген суды үнемдемесек болмайды. Әлі күнге дейін ауызсуды арықпен тартып отырған елді мекендер көп. Яғни, ауызсудың өзін тиімсіз тұтынамыз деген сөз. Арықпен келетін суды есептеп тұтынуымыз керек», - дейді Сәкен Ділдахмет.

Сарапшы келешекте трансшекаралық өзендер бойындағы ауылдардың күні көрші елдерге қарап қалуы мүмкін екенін айтады.

«Ғалымдардың көбі үшінші дүниежүзілік соғыс ауызсу тапшылығынан басталатынын болжап жүр. Дамыған елдер теңіз суын тұщы суға айналдырып тұтына бастады. Бұл тұщы судың тапшылығы қазірдің өзінде адамзатты тығырыққа тірей бастағанын көрсетеді» - дейді ол.

Қазақстан аумағының 4,8 пайызы ғана орманмен көмкерілген. Белсенді осының өзі - Қазақстанды суды үнеммен пайдалануға мәжбүрлейтін фактор деп есептейді.

Табиғат қорғау ісіне белсенді араласып, әлеуметтік желі арқылы насихаттап жүрген маман бір жылдары киіктің популяциясы бүкіл жұртты алаңдатса, енді итбалықтардың келешегіне қауіп төніп тұрғанын еске алды.

«Итбалықтың көбі мұзжарғыш кемелерге соғылып немесе үлкен мұнай кемелеріне тап болып жатады. Салдарынан жарақат алып, өледі де. Жалпы Каспий теңізінің экожүйесі өзекті болып тұр. Кейінгі 30-40 жылдың көлемінде мұнай өндірісі табиғатқа қатты әсер етті. Теңізге талай рет түсініксіз сұйықтықтар төгіліп, экожүйені өзгертіп кетті. Оның бәрі итбалықтардың азаюына, дұрыс жетілмеуіне ықпал етіп жатыр. Ең бастысы, тіршілік аясы тарылып барады. Негізінен итбалықтар Каспийдің солтүстік бөлігін мекендейді. Бұл бөлік жыл сайын таязданып келеді. Соның кесірінен итбалық төлдейтін кезде теңіз бетінде мұз қалмайтын болды. Бір жағынан климат та ауытқып тұр. Бұрынғыдай қалың мұздар жоқ», - дейді экобелсенді.

Теңіз суында итбалық қорек ететін балықтар да азайған көрінеді.

«Итбалықтардың қырылып жатқанына Каспийді бөлісіп отырған өзге елдер де алаңдай бастады. Каспий итбалығы бес елдің Қызыл кітабына еніп отыр. 2021 жылдан бері Ресей Федерациясы мен Қазақстанда осы балықтардың тіршілік аясын зерттеу қолға алынды. Қазір ғалымдар итбалықтың азаюына не себеп болғанын зерттеп жатыр», - дейді Сәкен Ділдахмет.

Сарапшы ұлттық табиғи парктер арқылы турист тарту шаралары өте тыңғылықты ұйымдастырылуы керектігін айтады.

Әйтпесе туризмді желеу еткен пайдакүнемдердің жетегінде кетуге болады.

«Мен ұлттық саябақтардың аумағында қонақүй салуға қарсымын. Өкінішке қарай, Мәдениет министрлігі де, Экология министрлігі де табиғи саябақтардың жабайы жануарлардың панасына айналғанын түсінбей отыр. Бұл аумақтарда Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлар шоғырланған. Мыңдаған, жүздеген жылдар бойы сақталып келген тұмса табиғатты қонақ үй салғысы келгендердің қалауына беріп қоюға болмайды. Экотуризм дегенді бұрмалап түсіндіру әдетке айналды. Ұлттық парктің аумағына турист тартудың экологиялық туризммен байланысы шамалы. Шетелден келетін туристерге бесжұлдызды қонақүйлер қызық емес. Олар мұнда тұмса табиғатты тамашалау үшін келеді», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол ұлттық табиғи парктің аумағын ұзақ жылға жалға беруге де қарсы. Қазір бұл маңнан жерді арендаға беру мерзімі 49 жылдан 25 жылға қысқартылған болатын.

«Жерді 1-3 жылға ғана беруге болады. Ерекше қорғалатын аумақтардың ауданы Қазақстан территориясының 8% ғана құрайды. Бұл - атадан мұраға қалған тұмса табиғаттың соңғы сарқыны ғана. Біздің міндет – осыны келешек ұрпаққа табыстау. Ол үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың көлемін ұлғайту керек», - дейді сарапшы.

Экосарапшы ұлттық парк арқылы турист тарту соншалықты маңызды болғанның өзінде қонақүй сияқты нысандарды маңайына ғана салу керектігін айтады.

«Көлсайдың жанында шағын аудан бар. Тұрғындар өздері ақша шығарып, бірі монша, бірі ауызүй, бірі қонақүй салып тастаған. Қазір сол ауданда тіршілік қайта жанданған. Жұмыс орындарының ашылғанын көріп, бұрын қалаға көшкендер қайта ауылға орала бастаған», - деді Сәкен Ділдахмет.

Оған салсаңыз, Бозжыра аумағына қонақүй салу жобасы да о бастан қате болған.

«Батыс елдерінде табиғи қорықтар мен саябақтардың аумағын қойып, айналасындағы 50 шақырым жерден қонақүй көрмейсіз. Өйткені олар аумаққа қонақүй түссе, кейін бүлінген табиғатты қалпына келтіре алмайтынын түсінеді. Ал бізде ұлттық парктердің жері оңды-солды беріліп жатыр. Олардың мемлекет меншігіндегі жер екенін мемлекеттің өзі түсінуі керек. Президент табиғат ресурстарының бәрі халықтың меншігі екенін айтып жүр. Референдумда да осы мәселе дауысқа салынды. Енді халық та осы іске белсенді араласуы керек», - дейді сарапшы.

Сәкен Ділдахмет елде қасқырлардың азайып кеткеніне алаңдаулы.

«Экология министрлігінің дерегі бойынша, 2021 жылы елде 12 мың бас қасқыр санаққа алынған. Сексенінші жылдардың соңында олардың саны 60 мыңнан асатын. Қасқыр азайса, аңдар арасында аурулар мен вирустар көбейеді. Түз тағысын табиғат санитары деп текке атамайды. Сондықтан оларды құртуға құштар болмауымыз керек. Өкінішке қарай, бес бірдей далалы облыста қасқыр құрып кетуге жақын. Тіпті қасқыр атуға мораторий жарияланып отыр. Біздегі табиғи тізбектің басында қасқыр тұрғанын түсінуіміз керек. Олардың саны көбейсе, тұяқты қоңыр аңның саны да өседі», - деп түсіндірді табиғат жанашыры.

Сондай-ақ, ол қолға түскен шарасыз қасқырға қатыгездік көрсетіп, онысын әлеуметтік желіге жүктейтін жандардың әрекетін сынады.

«Қасқырды аяусыз қыруға әуестердің көп екенін көріп жүрміз. Қасқырдың тұқым өрбіту мүмкіндігі азайып барады. Аңшылардан ынсап кеткен, көрген жерде үйірімен қырып тастайды. Қолына қару біткеннің бәрі қасқырға мықты. Бір қыста 20-30 қасқыр алғанын айтып мақтанатындар бар. Қазір аңшылық хоббиге айналып кетті. Бұлай болмауы керек. Дабыл қағып жүргеніміз содан. Халықтың санасын өзгерту үшін экологиялық мәдениетті көтеру қажет», - деп түйіндеді Сәкен Ділдахмет.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, биылғы 5 айдың ішінде Каспий теңізі жағалауынан 219 итбалықтың өлексесі табылған.


Соңғы жаңалықтар