Көлсайда жыл он екі ай демалуға болады – Әділхан Батанов

None
None
КӨЛСАЙ. ҚазАқпарат - Көлсай көлдері – Қазақстандағы ең көне және әдемі жерлердің бірі. Туризмнің түр-түрі болады десек, Көлсай маңындағы туризм – тұмса табиғат аясында демалғысы келгендер үшін таптырмайтын жер. Алматы облысының Кеген ауданында орналасқан Көлсай көлін көзбен көру кез келген турист үшін қызық. Ол жерде туристер үшін қандай жағдай жасалған, қандай қызмет түрі бар деген сынды түрлі сауал демалушыларды мазалайтыны анық. ҚазАқпарат тілшісі осы сұрақтардың жауабын алу үшін «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи парк РММ бас директорының орынбасары Әділхан Батановпен сұхбаттасқан еді.

- Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, үш Көлсай көлі бар екен. Олардың бір бірінен айырмашылығы бар ма?

- «Солтүстік Тян-Шань маржандары» атанған Күнгей Алатау жотасында көрікті Көлсай көлдері орналасқан. Бұл көлдердің пайда болу тарихы шамамен 1887 және 1911 жылдар аралығы делінеді. Көлдер тектоникалық жағдайлармен Қайыңды және Көлсай өзендерінің арналарында пайда болды. Көлсай өзенінің ағымында үш көл орналасқан: Жоғарғы Көлсай, Ортаңғы Көлсай, төменгі Көлсай көлдері.

Жоғарғы Көлсай көлі теңіз деңгейінен 2650 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы-580 метр, ені-190 метр, тереңдігі-24 метрге дейін жетеді.

Ортаңғы Көлсай теңіз деңгейінен-2280 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы-1180 метр, орта ені-298 метр, ең кең жерлері 800 метрге дейін барады. Көл қисық сопақша пішінді, тереңдігі-57 метр.

Төменгі Көлсай көлі теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте орналасқан. Көл пішіні өзеннің ағымының бағыты бойынша созылып жатыр, ұзындығы-1520 м, орта ені-222 метр, тереңдігі-75 метрге дейін жетеді. Көрші сайда ертегіге ұқсас, әдемі Қайыңды көлі бар, ол теңіз деңгейінен 1867 метр жоғары орналасқан. Қайыңды көлі 1911 жылы жер сілкінісінен кейін пайда болған. Су тар сайды толтырып, шыршалы орманды басып кетті. Соның салдарынан Қайыңды көлінің бетіне шыршаның шығып тұрған діңгектері әлі сақталған, ол көлге өзінше бір сән беріп тұр.

- Расында, осынау ғажайып мекенді көзбен көріп, саф ауасымен тыныстағанға не жетсін?! Шет елдерден, өңірлерден келетін туристерді алдымен жол мәселесі, жол сапасы мазалайтын еді...

- Дұрыс айтасыз, жол дамымай туризм де дамымайтыны анық білінді ғой. Келушілер шаршап, шалдығып, демалыс күндерін қиып шыққанда сапасыз жолдан жолсоқты болып, көңілі қалмауы керек. Бізге шетелден де, өңірден де келетін туристердің басым бөлігі ең алдымен Алматыға соғатыны анық. Алматыдан бері қарай жолға шығады. Осы тұрғыдан алсақ, бүгінгі күні Көлсай демалыс орнына Алматы қаласынан жету еш қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Себебі бұл демалыс орнына дейінгі автожол құрылысы 2018 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, сапалы жол жасалған. Жыл сайын Көлсай көліне келушілердің саны арта түскені де осы сапалы жолдың арқасы шығар деп ойлаймын.

- Көлсайда биылғы туристік маусым қалай өтіп жатыр?

- Көлсайға демалушылар жыл он екі ай келе алады. Себебі, әр жыл мезгілінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, келушілер көктем мен жаз айларында тамылжыған табиғатты тамашалап, жаяу серуендесе, қыс айларында мұз бетінде сырғанақ теуіп, әуесқойлар үшін асықпай жатып, балық аулауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар ортаңғы Көлсай мен жоғарғы Көлсай көлдеріне жылдың кез келген уақыттарында жаяу және атпен серуендеуге болады. Әйтсе де, бізде туристің көп келетін маусымы жаз мезгілі. Қазіргі уақытта бұл демалыс орнына келушілердің саны шамадан тыс артып отырғаны жасырын емес. Ол өз кезегінде көптеген қиыншылықтар туғызады. Мысалы, келушілердің көптігіне байланысты олардан кейін қалатын тұрмыстық қалдықтардың да көбейетіні, демалатын, тамақтанатын орындардың жетіспеушілігі, әжетханалардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер кездесіп тұрады. Дегенмен, ұлттық парк қызметкерлері демалушыларға кері әсер ететін жағдайларды болдырмау, әсіресе белгіленген маршруттардан ауытқымау, ормандарда өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау шараларын ескертіп, бар ынта жігерлерімен жұмыс атқаруда.

- Туристер нені ескеруі керек?

- Азаматтарда туризм мәдениеті болса, соның ішінде қоршаған ортаға деген жанашырлық, айналаны таза ұстауға деген ниеттестік болса, одан бәріміз де ұтар едік. Шетелден келетіндер қазақ даласының табиғатына тамсанып, ұлтымыздың қонақжайлығына ғана емес, басқа да қырларына, мінезіне тәнті болса екен деп тілеймін. Сонымен қатар, өзіміздің туристер ең алдымен қайда келе жатқанынан хабардар болуы тиіс. Өзінің барып демалатын, жайғасатын орынында демалыстың қандай түрлеріне рұқсаттың бар-жоғын білуі, ескеруі керек деп ойлаймын. Себебі, Көлсай - бұл жәй демалыс орны емес, ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Сол үшін де ерекше қорғалатын табиғи аумақ туралы заңнамалар бұзылған жағдайда заң талаптарына сай әкімшілік шара қолданылатынын ұмытпаған абзал.

- Барып көремін деушілерді тағы бір қызықтыратын – баға жайы. Мысалы, бес күнге барып демалушылар үшін құны қанша?

- Ұлттық парк көрсететін туристік қызметтердің барлық тарифтері уәкілетті орган Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің арнайы бұйрығымен бекітіліп, сол бойынша төлем алынады. Ол бір күнге жарамды болып есептеледі. Мысалы: бір адамға бір күндік бекітілген баға құны 806 теңге. Автокөлік тұрағы үшін 200 тенге қосымша алынады. Сосын Ұлттық парктің тарифіне сай 7 жасқа дейінгі балаларға барлық қызмет түрлері тегін болса, мектеп жасындағы балаларға 50 пайыз жеңілдік, жоғары оқу орнының студенттеріне 25 пайыз жеңілдік қарастырылған. Барлық ардагерлер мен мүгедек жандарға тегін қызмет ұсынылады.

Негізінен ұлттық парк аумағына келушілер табиғатты тамашалау, таза ауада серуендеу үшін келеді. Өйткені мұнда емдік қасиеті бар бұлақ немесе шипалы батпақ пен шипажайлар жоқ. Көпшіліктер өз жеке автокөлігімен, отбасымен, достарымен келіп таза ауада шатыр қойып демалғанды ұнатады. Ұлттық парк аумағындағы автожолдар нашар екені рас. Дегенмен Үкіметтің қолдаумен жылма-жыл жолдар жасалып келеді. Мысалы: 2021 жылы Саты ауылы - Қайыңды көлі автожолының күрделі жөндеу жұмыстары басталса, биылғы жылы Саты ауылы – Саты сайы автожолы жасалуда. Саты ауылы мен көрші Күрметі ауылдары арасындағы автожолдың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл өз кезегінде Көлсай көліне келушілердің санын реттеуге мүмкіндік береді. Ал енді қызмет көрсету жағына келсек, біздің ұлттық паркте дәмханалар жоқ. Сондықтан келушілерді тамақтандыру қызметі қарастырылмаған. Әрине тамақ жасап сату кәсібімен айналысатын жеке кәсіпкерлер бар.

- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Біздің «Көлсай көлдері» республикалық мемлекеттік мекемеміз негізінен Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Заңды басшылыққа ала отырып туристік инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарына сәйкес жұмыстар атқарады. Бұл ретте алдымызда атқарамыз деп белгілеген көптеген жоспарлар бар. Соның негізгісі – туристерге жақсы демалыс үшін жағдай жасау. Мысалы, ұлттық парк аумағына келушілердің саны жыл сайын өсіп келе жатқанымен, паркте бірде-бір қонақ үйлер жоқ. Осыны ескеріп, биыл өз күшімізбен кордон есебіндегі бір үйді қонақ үйге айналдырдық. Алдағы уақытта да жыл сайын бір-бір үйді күрделі жөндеуден өткізіп, қонақ қабылдауға дайын жасасақ деген ойымыз бар.

Екінші мәселе – кәсіп ашу. Бұл ретте біздің орманымыз болғанмен ағаш өңдеу цехтарымыз жоқ. Оны да биылдан бастап қолға алып отырмыз. Бұйыртса келесі жылдан бастап өз қолөнер бұйымдарымыз туристер мен демалушылардың назарына ұсынылатын болады. Үшіншіден, қоршаған ортаға қамқорлық жасап, орман қорын молайту. Бұл мақсатта көшет өсіру плантациясын (питомник) да қолға алынды. Нәтижесі жаман емес. Жас көшеттер жақсы өсуде. БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен электр желісі жоқ алыс кордондарға күн батарейкасымен жұмыс істейтін баламалы энергия көздерін пайдалануды да іске асырудамыз.

Бұдан бөлек, «Саты ауылы-Саты асуы» туристік маршрутын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол сияқты Алматы облыстық туризм басқармасының қолдауымен төменгі Көлсай көлі демалыс орнынды жаяу жүргіншілерге арналған соқпақ жол жасалуда. Оның құны 21 млн тенге.

Қайыңды көлінің суы жыл сайын азайып келеді. Сол себепті құзырлы органдарға шығып, хаттар жолдаудың арқасында Қайыңды көліне жасанды бөгет салу жұмыстары да қолға алынды. Қазіргі уақытта топырақ құрамын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта іске асатын болады. Кеген аудандық әкімшілік тарапынан бөлінген қаржы есебінен Қайыңды сайы, Саты сайына электр желісін тарту жұмыстары да қолға алынған.

Қарап отырсаңыз, атқаратын шаруа шаш етектен, жоспар көп. Дегенмен соның барлығына қаржы керек. Барлық парктерде туристік инфрақұрылымды дамытуға басты назар аударылып отырғанын ескерсек, алдағы уақытта күрделі мәселелер өзінің оң шешімін табады деп сенеміз.

- Сұхбатыңызға рақмет!



Соңғы жаңалықтар