Көлсайда екі күн демалудың құны 15 мың теңге

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат -​ Алматы облысының Кеген ауданында орналасқан Көлсай көлін көзбен көру кез келген турист үшін қызық. Ол жерде туристер үшін қандай жағдай жасалған, қандай қызмет түрі бар деген сынды түрлі сауалдар демалушыларды мазалайтыны орынды. ҚазАқпарат тілшісі осы сұрақтарға жауап алу үшін Көлсай көліне арнайы барып қайтты.

Көлсайға қалай жетуге болады?

Көлсай Алматы қаласынан 280 шақырым жерде орналасқан. Автобуспен барсаңыз шамамен 4-4,5 сағаттай жол жүресіз. Жолы жақсы. Қазір Алматы қаласының ​ түрлі туристік фирмалары бұл бағытқа ​ демалушыларды тасымалдап, арнайы демалысты ұйымдастырумен қарқынды айналысуда. Әсіресе жұма-сенбі, яғни демалыс күндері келушілердің саны күрт өседі екен.

​«Алматы қаласынан автобустар әдетте кешкі сағат 21:00 де шығады. Ал жексенбі күні 15:00 де​ туристерді алып қайтады. Демек, турист екі күндік демалыс үшін 15 мың теңге төлеуі қажет. Ол жерге барып-қайтар жолы, төрт мезгіл тамағы, суретке түсіру, гидтің қызметі, паркке кірер кезде төленетін экологиялық төлемнің ​ бәрі кіреді», - деді «Qazaq travel» туристік фирмасының өкілі Жандос Нұриев.

Туристер қай жерге тоқтайды?

Көлсай көліне келген демалушыларды ұйымдастырушылардың көбі Саты ауылына жеткізеді. Саты ауылы Көлсайдан 15 шақырым жерде орналасқан. Турфирманың өкілдері ары қарай Көлсайға өздері жеткізеді. Ал егер сіз өз көлігіңізбен барсаңыз Саты ауылында түнеуге болады.

Бұл жерде кез-келген үйдің иесі туристі үйіне қабылдауға дайын. Төрт мезгіл тамағы қарастырылған демалыс үшін 5 мың теңге төлейсіз. Қызмет түрі сапасына қарай бағасы өсе береді. ​

Саты - туристердің ауылы

Сатының халқы туристердің арқасында нәпақаларын тауып отырғандарын айтады. Әр үй бірнеше бөлмесін босатып, неғұрлым көбірек қонақ қабылдауға жағдай жасап қойған. Егер дастархан мәзірін өз қалауыңызбен жоспарласаңыз ​ қосымша ақы төлеу керек.

Саты, Көлсайда заманауи қонақ үйлер бар ма?

Саты ауылында да, Көлсайдың басында да заман талабына сай демалыс орындары бар. Мәселен, Саты ауылындағы екі адамдық демалыс орны бір тәулікке 15 мың теңге. Бірақ ол қызметке тек таңғы ас ғана кіреді. Ал Көлсайдың басындағы қонақ үйде бір күн түнеп шығу 8 мың теңге. Ол сомаға ​ таңғы ас ғана кіреді. Көлсайдың басында​ қазақ үйді де жалға алуға болады. Бағасы 25 мың теңгеге дейін барады. Ал дастархан мәзірі үшін қосымша төлем қажет.

Көлсайда ұялы телефон жоқ, интернет ұстамайды, дала жарықтандырылмаған

«Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркі 2007 жылы құрылған. Бұл үлкен мерзім емес. Ұлттық парк өзінің бас жоспарына сәйкес дамуда. Туристер көп келген сайын байланыс жүйесі қазір басты мәселе болып тұр. «Қазақтелекоммен» жұмыстар атқарылуда. Интернет, байланыс жүйесі жоспар бойынша келесі жылы толық орындалады. Жарықтандыру мәселесі де келер жылы іске асады деп жоспарлап отырмыз», - деді Көлсай көлдері ұлттық табиғи паркі туризм бөлімінің бастығы ​ Хамит ​ Ахметов. ​ ​ ​

Туристер үш Көлсай көлін көруге асығады.

​Демалушылардың көбі үш Көлсай көлінің бар екенін біле бермейді. Келушілердің басым бөлігі​ бірінші Көлсайдың көркем табиғатын көріп, суретке түсіп, таза ауасымен тынығып, қайықпен серуендеп қайтады. Ал бірінші Көлсаймен екінші Көлсайдың арасы ​ 8 шақырым. Екінші Көлсай теңіз деңгейінен 2250 метр биіктікте орналасқан. Ол жерге тек атпен немесе жаяу жүріп ғана жете аласыз. Ну орман арқылы тас-тас, түрлі кедергілерді жүріп өту адамға кереметтей әсер сыйлайды. ​

Екінші Көлсайға әсіресе шетелдік туристердің қызығушылығы басым

​Екінші Көлсайға әсіресе шетелдік туристер көптеп барады. Осы жолғы сапарымызда Германия, Италия, Франция, Ресейден келген бірнеше шетелдікті жолықтырдық. Олар арқаларына шатырларын, тамақтарын асынып, екінші көлсайға түнеуге барады.​Екінші көлсайда ешқандай туристік сервис жоқ. Ол жақта түнегіңіз келсе міндетті түрде тамақ пен жылы киім​ алу қажет. Сондай-ақ 8 шақырым жолды жаяу жүргіңіз келмесе атты жалға алуға болады. Барып-келу құны 8 мың теңгеден жоғары.

Туристер нені ескеру керек?

Көлсай көлдері ​ орналасқан Кеген ауданы Қырғыстанмен шекаралас жатыр. Сондықтан бұл жерге келген әр бір демалушы жеке куәлігін бірге алып жүруі қажет. Себебі, демалыс аумағына кіретін сәтте ​ шекара қызметкерлері барлық туристің төл-құжатын тексереді. Егер өзімен болмаса ҚР ӘК 510 бабына сәйкес 5 АЕК айыппұл салынады. ​

Көлсайға келушілердің саны күрт артқан

Көлсай көлдері ұлттық паркінің директоры Әміржан Малыбековтың ​ айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан кейін Көлсайға келушілердің саны күрт асқан. Мәселен, былтыр 41 мыңнан аса турист Көлсай көлін көруге келген. Ал 2007 жылдары демалушылардың саны 6-7 мыңнан аспапты. Биыл туристердің​ саны екі есе көбейеді деп күтілуде.

Көлсайдың кереметін көзбен көру керек

Көлсайдың кереметін көзбен көру керек. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын жер сілкінісі салдарынан пайда болған бұл көлдердің көздің жауын алар сұлулығына бай өсімдік және жануарлар әлемін қосыңыз. Көлсай көлдері ұлттық паркінің аумағында өсімдіктің 704 түрі, жануарлардың 226 түрі және құстың 197 түрі кездеседі. Шетелдіктердің көрікті Көлсайды көруге мыңдаған шақырымды артқа қалдырып келіп жатқанда, туған жеріңде осындай тұмса табиғаттың бар болғаны үшін кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Ең бастысы осы бір саф алтындай баға жетпес құнды дүниемізді сақтап қалып, келер ұрпаққа табыстауымыз керек деген ойлар мазаламай қоймайды. Көлсай қазақ елінің тағы бір ұлттық бренді.

Айта кетейік, БАҚ құралдарының Көлсай көліне сапарын Алматы облыстық туризм басқармасы ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар