Колоректалды қатерлі ісік жайында не білеміз – онкологпен сұхбат

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 31 адам колоректалды қатерлі ісіктен көз жұмды. Мамандардың айтуынша, таралуы бойынша алдыңғы үштікке кіретін обыр жайында көп айтыла бермейді. Сондықтан қатерлі ісіктің осы түрінен, оның белгілерінен көпшілік бейхабар. Облыстық көпсалалы аурухана жанындағы онкология орталығының дәрігері Вячеслав Белов ҚазАқпарат тілшісіне колоректалды обыр және оның алдын алу жолы жайында айтып берді.

- Вячеслав Владимирович, колоректалды обыр қай мүшені зақымдайды?

- Колоректалды қатерлі ісік жиынтық ұғымды береді, аты айтып тұрғандай «colon» – тоқ ішек және «rectum» - тік ішектің обыры. Статистикаға сүйенсек, қатерлі ісіктің осы түрі барлық онкологиялық аурулардың 10 % құрайды. Ал таралуы бойынша ерлер арасында өкпе және асқазан рагынан кейінгі, ал әйелдерде сүт безі және тері обырынан кейінгі орында тұр.

Қазіргі заманауи медицина обырдың бұл түрі ерте анықталғанда 95% жағдайда толық емделетінін дәлелдеді. Десек те, диагноз қойылған алғашқы жылы дерттен қайтыс болатындардың үлесі жоғары. Оған себеп – дәрігерге қаралғандардың басым бөлігінде ауру асқынған, III-IV сатысында ғана медициналық көмекке жүгінеді.

- Сырқаттардың дәрігерге ауруды асқындырып барып кеш қаралуына не себеп?

- Белгі бермеуінде. Тоқ ішек пен тік ішектің ісіктері баяу өседі және алғашқы белгілер пайда болғанға дейін ұзақ уақыт өтеді. Колоректалды обыр көбіне аденоматоздық түймешік ретінде дамиды.

Жалпы қатерлі ісікті басқа аурулармен шатастырып жатады. Мәселен, кей жағдайларда бауырдың ұлғаюы байқалады, асцит – іш қуысында сұйықтық жиналуы мүмкін. Ағзадағы қандай да бір өзгеріске аса мән беріп, тексеріліп отырған жөн. Мәселен, науқастардың жалпы жағдайының нашарлауы, әлсіздік, кейде дене температурасының жоғарылауы – бұл белгілер көптеген ауруларға тән, бірақ олардың пайда болуы дереу дәрігерге қаралуға себеп болуы тиіс. Колоректалды қатерлі ісікте көптеген «маска» бар, сондықтан шаршау, ентігу пайда болса, өңіңіз бозарса, ұзақ іш қатып немесе диарея мазаласа, іш тұрақты түрде жиі ауырса, нәжісте дефекациядан кейін қан көрінсе, нәжіске талдау жасалғанда жасырын қан байқалса, дәрігерге көрініп, кеңес алған жөн.

Ал іш өткір ауырып, кепсе немесе асимметрия пайда болса, нәжіс жүрмей қойып, газ жиналып қалса «жедел жәрдем» шақырған жөн немесе шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну керек.

- Ал колоректалды обырдың нақты белгілері бар ма?

- Симптомдар ісіктің орналасуына, түріне, таралу дәрежесіне және асқынуына байланысты. Аурудың ерекшелігі – барынша кеш белгі береді. Басқаша айтқанда, мұндай ісік пациентке көрінбейді және сезілмейді. Ол айтарлықтай мөлшерге дейін өсіп, жанындағы мүшелерге тарағанда немесе метастаз бергенде ғана пациент ыңғайсыздықты, ауырсынуды сезіне бастайды, нәжісте қан мен шырышты байқайды.

Көбінесе сырқаттар асқазан, өт қабы, бауыр, ұйқы безі жұмысының бұзылуынан туындаған асқазан-ішек жолдарының ыңғайсыздық тудыруына алаңдайды. Ісіктен әдетте жасырын қан кетеді, бұл анемияға әкеліп, салдарынан сырқат шаршау мен таңертеңгі әлсіздікке шағымдануы мүмкін.

Сондай-ақ іш қату, сұйық, сасық нәжіс те обырдың белгісі.

Тік ішектің қатерлі ісігінде дефекация кезінде қан кетеді.

Бұдан басқа еш себепсіз салмақ жоғалту, жүрек айну және құсу, ішек жұмысындағы өзгерістер дәрігерге қаралуға себеп болуы тиіс.

- Қатер тобына кімдер жатады?

- 50 жастан асқандардың әрқайсысына ішектің қатерлі ісігі бойынша скринингтен өтуге кеңес берер едім. Өйткені колоректалды обырмен ауырғандардың 90 % жасы елуден асқандар. 40 жасқа дейінгілер дертпен сирек ауырады. Ал сырқаттанғандардың негізгі үлесі – 60-75 жастағылар. Сондай-ақ ер адамдар әйелдерге қарағанда 1,5 есе жиі ауырады.

Колоректалды қатерлі ісік отбасы мүшелері арасында болған жағдайда қауіп арта түседі. Негізінде тұқым қуалаудың үлесі шамамен 5% пен 30% дейін. Бұл адамдар жиі медициналық бақылауды қажет етеді.

Дерттің пайда болуына әсер ететін тағы бір фактор – ішектің қабынуы, ойық жаралы колит немесе Крон ауруы. Бұл аурулармен ауырған жағдайда обыр 8-10 жылдан кейін пайда болуы мүмкін.

- Сондай-ақ дұрыс тамақтанбау, саламатты өмір салтын ұстанбау да әсер етпей қоймайтын шығар?

- «Ауру – тамақтан» деп бекерден айтылмайды. Зерттеу нәтижелері майлы тамақты көп мөлшерде тұтыну колоректалды қатерлі ісік ауруының пайда болуына ықпал ететіндігін көрсетеді. Сондай-ақ жемістер мен көкөністерді жеткіліксіз тұтынатын адамдарда да қатерлі ісік ауруының даму қаупі жоғары.

Темекі шегу, алкогольді ішімдік ішу де зиян. Таза этил спиртін алкогольді ішімдіктер құрамында күніне 45 г артық мөлшерде тұтыну тоқ ішек қатерлі ісігінің даму қаупін 45% және тік ішек қатерлі ісігінің пайда болуын 49% арттырады.

Дәрумендер мен минералдардың тапшылығы, соның ішінде фолий қышқылы мен В6 витаминінің жеткіліксіздігі ағзаның антиоксиданттық қорғау жүйелерінің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Нәтижесінде рациондағы фолий қышқылының төмен мөлшері колоректалды қатерлі ісік ауруының қаупін арттырады.

Семіздік те қатерлі ісіктің дамуына әсер етеді, әсіресе артық салмағы бар ер адамдар 1,5 есе обырмен жиі ауырады.

- Аурудың алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?

- Алдымен, дұрыс тамақтану қажет, ысталған тауық еті, шұжықтарды рационнан алып тастау, қантты тұтынуды азайту, алкогольді ішімдіктерден бас тарту, жемістерді, көкөністерді және құрамында өсімдік талшықтары бар өнімдерді дастарханнан үзбеу, құрамында кальций бар өнімдерді – сүт және айранды тұтынуды әдетке айналдыру.

Күніне 3 кеседен астам кофе ішуге кеңес беремін, оның қатерлі ісік ауруының қаупін азайтуға пайдалы екендігі дәлелденген.

Сондай-ақ темекі шегуден бас тарту, физикалық жаттығуларды үзбеу керек.

Ал ең бастысы – тұрақты түрде медициналық тексерулерден өткен жөн. Өйткені, тағы да қайталап айтап, колоректалды обыр ерте анықталған жағдайда толық емделеді.

- Өңірде обырдың осы түрімен ауыратындар көп пе?

- Қазіргі уақытта 448 адам диспансерлік есепке алынған. Соның 241-і әйел болса, қалған 207-сі – ер адам. Оларға тиісті ем-дом жасалып жатыр. Елімізде онкологиялық сырқаттарға емдеу шаралары толық тегін жүргізіледі.

Өкінішке орай, жылда обыр жаңадан сырқаттарда анықталады. 2021 жылы 78 адам есепке қойылса, былтыр олардың қатарына 81 адам қосылды.

Былтыр 31 адам колоректальді обырдан қайтыс болды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8 адамға көп.

Қазіргі уақытта осы аурудың алдын алу үшін, халықты осы дерттен хабардар ету үшін айлық өтіп жатыр. Сондай-ақ осы айлық аясында ашық есік күнін өткізу жоспарланған. Тұрғындаралдын ала жазылмай-ақ орталыққа мамандардың қабылдауына келіп, тексерулерден өте алады.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар