Колонияда жұмыс істейтін хирург 20 жылда 100 мыңнан астам ота жасады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ-156/15 түзету мекемесінде республикалық соматикалық аурухана орналасқан. Онда Қазақстанның барлық түрмелерінен сотталғандар емделуге келеді.

Ауруханада өз ісінің нағыз мамандары жұмыс істейді, олар дәрігер мамандығын жүрек қалауымен таңдаған. Соның бірі – хирург дәрігер, медициналық мекеменің хирургия бөлімінің меңгерушісі – Руслан Найманбаев.

«Бала күнімнен мені көптеген мамандықтар қызықтырды. Кәсіби спортпен айналысқаным да бар. Уақыт өте келе мақсатым, бағытым өзгерді. Мектеп бітіргеннен кейін шешім қабылдадым: дәрігер немесе әскери адам боламын! Сөйтіп, екі оқу орнына – Алматы әскери академиясына және Семей медициналық институтына түстім. Институтты бітіргеннен кейін дәрігер мамандығын таңдадым. 1996 жылы аудандық ауруханаға жұмысқа тұрып, төрт жыл жұмыс істедім. Содан кейін колонияға дәрігер-хирург болып ауыстым», – дейді Руслан Найманбаев.

Ақ халатты абзал жан осы мекемеде 20 жылдан астам қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығыпты. Қазір зейнетте болса да бұл ұжымда жұмысын жалғастырып, сотталғандарды емдеуде.

«Алғашқы жасаған отам әлі күнге дейін есімде. Ол кезде төртінші курс студенті едім, облыстық ауруханада іс-тәжірибеден өтіп жүргенмін. Жол апатына түскен кішкентай баланы көптеген жарақаттармен алып келді. Алғаш рет өзім ота жасап тұрған соң сәл қобалжу болды. Құдайға шүкір, бәрі ойдағыдай өтті. Қазір апталдай азамат болған сол баланың денсаулығы жақсы, шетелде тұрады. Колонияда жиырма жыл ішінде сотталғандарға 100 000 мыңға жуық ота жасадым», - деп еске алды ол.

Дәрігердің айтуынша, жұмыста әртүрлі науқастар кездеседі, күтпеген жағдайлар болады.

«Сотталған адам бірінші кезекте менің пациентім. Содан кейін ғана ол қарақшы, ұрлықшы немесе алаяқ. Мақсатым – олардың өмірін сақтап қалу, аурудан айықтыру. Темір торда жазасын өтеп жатқандардың барлығы, мен үшін – науқастар. Дәрігер болғандықтан ешкімді алаламай, бәріне бірдей көмек көрсетуге тиіспін. Кейде адамды құтқара алмайтын кездер де болады. Көбінде сотталғандар өз өздеріне ауыр жарақаттар салады. Мысалы, А. есімді азамат ішіне пышақ сұғып алған еді. Бұл өте қиын жағдай болды. Сотталғанның өмірін әрең сақтап қалдым. Кейіннен ол ризашылығын білдіріп, рахметін айтты. Бұл оқиғаның есімде қалған себебі – өлім аузында жатқан сотталғанның туған інісі де осы колонияда жасасын өтеген болатын. Сол кезде ота бөлмесінің алдында інісі «Ағамды құтқарыңызшы» деп жылап келген-тұғын», - дейді Руслан Найманбаев.

Хирургтың өмірлік ұстанымы: «әркез қарапайым, мейірімді болу!». Кейіпкеріміздің ұлы әкесі сияқты осы саланы таңдапты. Ол Барнаул медициналық институтының бесінші курс студенті, болашақ хирург.

«Әрбір жас хирургқа табандылық, еңбекқорлық қажет. Әркез өзін-өзі жетілдіріп, оқудан шаршамай, күн сайын дамып келе жатқан медицина жаңалықтарынан хабардар болуы тиіс. Егер сіз өз шешіміңізге күмәндансаңыз, онда тәжірибелі мамандардан кеңес алып, әріптестеріңізбен ақылдасыңыз. Ал егер сенімді болсаңыз, онда бәрібір де тағы бір рет өз біліміңізді тексеріңіз. Себебі сіз адам адам өміріне тікелей жауаптысыз!», - деп атап өтті дәрігер.


Соңғы жаңалықтар