Қолөнерші кеңесі: Ас-ауқатты ағаш бұйымдарда сақтау керек

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қазақ қолөнерінің жүздеген ғасырлық тарихы бар десек, оны үнемі қолданыста дамытып келе жатқан шеберлер де жетерлік. Солардың бірі - Қостанайда тұратын ағаш шебері Таңат Бажақов. Қолөнерші ҚазАқпарат тілшісімен болған сұхбатта ұлттық бұйымдар жасаудың маңызы және әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

- Тарихшылар қолөнердің қазақ даласындағы ұлы өркениеттерден бастау алғанын айтады. Тұрмысқа әбден сіңген соң ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кеткен. Ұсталық өнер Атадан балаға дариды. Өзіңіз ағаш өнерін неліктен таңдадыңыз?

- «Тақыр жерге шөп шықпайды» дейді қазақ. Бұл өнерге тынбай еңбектенумен қоса, бойдағы дарынның қажеттілігі сезіліп тұрады. Соған қарап қазақ сөзінің киесін ұғынасың. Менің ұстаған бағытым -

ұсталық өнер. Бұл маған әке қанымен дарыды. Әкем Баяхмет Бажақұлы өмір бойы ұста болған адам. Қолы қалт еткенде ағаш кесіп, тіліп, жонып, күйдіріп, небір бұйымдар жасап отыратын. Сондайда әкемнің оны-мұнысын әперіп, әрдайым қасынан табылатынмын. Қолғабыс ете жүре, әр нәрсені қиюластыра істеп үйрене бастадым. Көз қанықты. Бәрі осылай басталды. 1999 жылы Сарыкөл ауданынан облыс орталығына қоныс аудардық. Бірақ, өнерімді өзіммен қоса алып келдім.
null

- «Ұсталы ел озар», «Ұста ағашы қасында» деген ел сөзі бекер айтылмаса керек-ті. Сіз туып-өскен Сарыкөл ауданында сапалы ағаш бұйымдарын жасаудың мүмкіндіктері көп дейді. Соның бірін өңірдің ну-тоғайларымен байланыстырады.

- Ол рас. Әр өңірдің ағаштары түрлі қасиетке ие. Әкелеріміз ас ішіп, нан салатын ыдыстарды көк теректен жасаған. Бұл ағаш Сарыкөлде кең таралған. Көк теректің нанды көгеріп кетуден сақтайтын қасиеті бар. Жалпы, ас-ауқатты ағаш бұйымдарда сақтау керек. Ол тағамның бұзылып кетпеуін қамтамасыз етеді. Аталарымыз тек далада ғана емес, ағашты, орманды жерлерді де жайлаған ғой, сонда айтулы ағаш ұсталары болған. Мен қазірдің өзінде ағаштарды сонау Сарыкөлден алып келемін. Ылғалды қаншалықты көтеретіні, қалай құрғату қажет екенін жақсы білемін. Үйеңкі, қарағаш, мойыл кепкен алма ағаштары да кәдеге жарайды. Ағаштардың қалдығын шикізат ретінде пайдаланамын. Лақтырып тастауға қимайсың. Ақ қайың, қарағаш, боз талды құрғақ кезінде кесіп алып, ұсақ-түйектерді жасауға сақтаймын.

null

- Қазір тұрмыста ұмытылып бара жатқан қандай ағаш бұйымдары бар? Халық қандай заттарды көбірек іздейді?

- Бастапқы кездері қымызға арналған ожау, тегене, саптыаяқ, зерен, күбі жасап жүрдім. Кейін бірге бидай, тары түйетін келі мен келсап, піспек сияқты бұйымдар кірікті. Бұларды өз жерімізде өсетін ағаш түрлерінен жасадым. Бірақ, халық қазір қолданыстан алып тастаған. Тек ауылды жерлерден көріп жүрмін. Оның өзі сирек. Бұл заттарды қалада тек көрмелерге апарып қоюға мәжбүрміз. Екі жыл бұрын бұйымдарымды «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне апардым. Сонда түркі тілдес елдерден келген саяхатшылар өздерінде қолданатын асхана заттарын бірден алып кетті. Алайда, біздің де ата-бабаларымыз табиғи бұйымдарды аса қатты бағалаған ғой. Табақ, ет салатын ағаш астауларға жұрт жиі тапсырыс береді. Күнім ұстаханада өткен соң ба, басыңа не түрлі тың ойлар келеді. Мәселен, ағаш шынжырлы ожау, асүй сүлгісін ілетін ілгіш, гүл салатын құмыра - тың ойдың жемісі. Сондай-ақ, көбі жасай бермейтін қолсандық та бар. Ол - ұзатылатын қыздарға арналған, киім-кешек, әртүрлі заттар салынатын бұйым. Ол бұрындары қыз жасауының құрамына кіретін. Бүгінде ат әбзелдері жоғары сұранысқа ие. Доға мен атшана жетегін жасай бастадым. Оған аса көп уақытым кетпейді.

- Расымен де, келі мен майшелекке, оюлы сандық пен ағаш төсекке таңдай қағасың. Ал қазір қазы астаулар бар ма? Оны жасау үшін апталап уақыт кетеді деп жатады.

- Баяғыдағы қазы астау қазір ұмытылып кеткен. Ол қазақ даласының барлық шалғайында бірдей болмаған да шығар, бірақ Сарыкөл, Ұзынкөл аудандары төңірегінде, арқадағы ағашты жерлерде кең пайдаланған. Қазы астау сыйлы кісілерге сойылған жылқының семіздігін көрсету үшін қазы салып қоятын сәнді ыдыс болған. Ол ағаштан ұзынша әр қос қазы қабырға қатар сиятындай жіңішке етіп шабылады. Мұны жасау оңай емес. Ұсталардың қолға ала бермейтіні де сондықтан.

- Өзіңіз ағаш бұйымдарды қалай күтесіз? Оларды сақтаудың қандай жолдары бар?

- Тамақ ішуде қолданылатын табақ, тостаған, саптыаяқ сияқты ыдыстар токсинсіз лакпен боялады. Табиғи өнімнен жасалған соң, олар ыстыққа да, суыққа да төзімді. Мен асхана заттарын бөлме температурасында сақтаймын. Негізі қазақтың ет тамағы қазіргідей ұзын астауға емес, дөңгелек ағаш табаққа салынған. Біздің елде табақтың жанына қазысы мен кәделі сүйектерін салып, қазы астауды қойған. Бұлар ұзақ сақталады, себебі, қазы түскен ағаш ағаштың көлемін сол қалпында сақтауға көмектеседі. Ал үнемі су тиген бұйым созылып, бастапқы формасын жоғалтып алады. Сондықтан, ағаш табақтар, кесе-тостағандарды сақтаудың арнайы әдістері жоқ. Аталарымыз мұны жақсы білген. Ағаш ыдыстарды тұрмыста жиі қолданған сайын, соншалықты сақтала береді.

- Тұщымды әңгімеңізге рахмет!

null null null null

Соңғы жаңалықтар